Вернуться к списку статей

«Шахтер» «Ақжайықты» соңғы секундтарда сан соқтырып кетті

Футбол
1K
«Ақжайық» – «Шахтер» – 1:2. Фото: shahter.kz
«Шахтер» Оралда «Ақжайықпен» кездесіп, ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттардың соңында алаң иелерін сан соқтырып кетті.

«Ақжайық» соңғы үш турда жеңіске жетсе де, қауіпті аймақтан алыстап кете қоймаған болатын. «Шахтер» 6-орында тұрғанымен, 9-11 орындардағы командалардан (солардың бірі – «Ақжайық) төрт ұпайы ғана артық болатын. Яғни бұл екі клуб үшін де өте маңызды ойын еді.

Бірінші таймда «Шахтердің» ойыны “мәнді”, шабуылдары қауіпті болды. 34-минутта кеншілер клубы тіпті есеп ашып, алаң иелерін сеңдей соғыстырды. Қонақтар қарсы шабуыл ұйымдастырып, сол қапталмен алға қарай құстай ұшқан Олукореде Айегбуси допты әуелетіп алға қарай асырды...

«Ақжайықтың» қорғаушылары әуелеп ұшып келе жатқан допқа қарап жүргенде, Стефан Зошак зу етіп, қорғаушылардан сытылып кетті де, қақпаны дәл көздеді. Қақпашы Вячеслав Котляр орнынан қозғала да алмай қалды. Алаң иелері Словакия футболшысын алдына өткізіп алған Азат Ерсәлімовті кінәлап жатыр...

Бірақ Азат жасымады. Керісінше, өз қатесін түзеуге тырысты. Әрі түзеді де. Екінші тайм басталған бетте алыстан шірене теуіп, допты доғаша иіп, «Шахтердің» қақпасына дәл түсірді. Есеп теңесті. Бұдан кейін «Ақжайық» қамшыны басты. Екінші таймда қонақтарын әбігерге салды.

Алайда жеңіс голын «Шахтер» соқты. Бұл күні кеншілер клубына үш ұпай бұйырып тұр екен. Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар да түгесілуге айналғанда, оң қанаттан әуелей ұшқан допқа тағы да Айегбуси атылды...

Ол алға қарай жүгіріп шыққан қақпашыға да қарамады, допты оның үстінен ақырын ғана асырып жіберді. Жолы болды, бағы жанды. Котлярдан айласын асырды. Гол. «Шахтер» түзде жеңіске жетті. Жайық жағасынан үш ұпай олжалап қайтты. Әрі 6-орынға жайғасты. Ал «Ақжайыққа» босаңсуға болмайды.

«Ақжайық» – «Шахтер» – 1:2 (0:1)

Голдар: Зошак, 34 (0:1). Ерсәлімов, 49 (1:1). Айегбуси, 90+3 (1:2).

Ескертулер: Сзоке, 40. Валента, 52. Перцух, 61.

«Ақжайық»: Котляр, Ерсалимов, Сапанов, (к), Одибе, Николич, Шмидт, Говедарица, Главина, Антипов (Тапалов, 64), Заречный (Дудченко, 79), Перцух (Шабаев, 87).

Қосалқы құрам: Төлебаев, Коронель, Дурович, Аренас, Зұлпықаров, Аяғанов.

«Шахтёр»: Шацкий, Айегбуси, Тарасов (к), Хлебоун, Дмитренко, Пикалкин, Сзоке, Валента, Станоевич (Шахметов 90), Зошак (Стоянович, 76), Хижниченко.

Қосалқы құрам: Багинский, Өміртаев, Путинцев, Әлімбаев, Наджарян, Ермеков, Воменко.

Төрешілер: Алешин (Павлодар), Будниченко (Екібастұз), Сүйінов (Павлодар).

24 қыркүйек, 2017. Орал, П.Атоян атындағы стадион. 2700 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика