Бірінші таймда гол соғылған жоқ. Әйтсе де, қауіпті де, қарбалас сәттерге толы болды. Бір рет тіпті Таиланд футзалшыларының тепкен добы Игита қорғаған қақпамыздың бағанасына тиіп, кері ұшты. Соңғы Азия чемпионатының қола жүлдегерлері өте жоғары қарқында ойнады.
Екінші тайм басталған бетте олар гол соғып, алға да шықты. Қорғаныста біздің бір ойыншымыз қателесіп, құлап қалды да, алаң иелері бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Ойын одан әрі қыза түсті. Біздің футзалшыларымыз атойлап алға шапты.
Көп ұзамай Қазақстан құрамасы есепті теңестіріп қана қоймай, алға да шықты. Жарты минуттың ішінде екі гол соғып, Таиланд құрамасын сеңдей соғыстырды. Енді алаң иелерінің ойыншылары жаза басып, екі рет ойынды ортадан бастауға мәжбүр болды.
Екеуінде де алаң сыртына шығып кеткен (аут) допты Михаил Першин ойынға ебін тауып қоса білді. Әуелі қақпа алдындағы Павел Такудің аяғына салып берді. Таку тепкен доп қақпашының қолының ұшына тиіп барып, қақпаға кіріп кетті.
Екіншісінде Першин ойынға қосқан доп Таиланд құрамасының қорғаушысына тиіп, бағытын өзгертіп, қақпа ішінен бір-ақ шықты. Бұдан кейін ойын мейілінше қызды. Екі команданың да гол соғатын мүмкіндіктері болғанымен, есеп өзгерген жоқ.
Таиланд. Халықаралық турнир, «Король кубогы».
Бірінші күн
Таиланд – Мозамбик – 6:3
Қазақстан – Аргентина – 0:0
Екінші күн
Аргентина – Мозамбик – 9:1
Қазақстан – Таиланд – 2:1
Голдар: Вонгук, 21:06 (0:1). Таку, 27:25 (1:1). Катавют, 21:52-автогол (2:1).
Қазақстан: Игита, Кнауб, Нұрғожин, Жаманқұлов, Дуглас, Сүлейменов (к), Довгань, Оразов, Першин, Таку, Ақбалықов, Иманалин, Сағындықов, Рындин, Шамро.