Вернуться к списку статей

«Ақтөбенің» айдарынан “доп” есіп, «Шахтердің» тауы шағылды

Футбол
1K
«Ақтөбе» – «Шахтер» – 2:0. Фото: fc-aktobe.kz
«Ақтөбе» өз алаңында «Шахтерді» ұтып, кеше өзін бір саты төмен ығыстырған «Ақжайықтың» алдын орап, қайтадан 10-орынға жайғасты.

Биыл «Ақтөбе» мен «Шахтер» бірін-бірі түзде сүріндірген еді. VІІІ турдың ойыны кейінге шегеріліп, 28 маусымда өтіп, Ақтөбеде кеншілер клубы 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Іле-шала, яғни 2 шілдеде екі команда Қарағандыда кездесіп, ақтөбеліктер 2:0 есебімен еселерін еселеп қайтарған.

Бүгінгі ойында «Ақтөбенің» айы оңынан туып, қоржынына өте маңызды үш ұпайды салды. Жалпы, ойын тартысты өтті деп айта алмаймыз. «Шахтер» түзде жеңіске деген жігерліктің нышанын да көрсете алмады. Алаң иелері де тәнті қылмады. Бірінші таймда екі команда да мүлде қақпасыз ойнағандай болды. Екеуі де бір-бірінің қақпасына қауіпті соққы бағыттай алмады...

Ойынның екінші жартысында «Ақтөбе» ойыншылары жылдамдықтарын сәл үдетті. Ал «Шахтер» бірінші таймда мүлде көзге түспеген жалғыз шабуылшысын алып тастады. Кеншілер клубы негізінен қорғанысқа көңіл бөлді. Бірақ қарсы шабуыл ұйымдастыру мәселесі ойдағыдай болмады.

«Ақтөбе» болса, Руслан Валиуллинің жанкештілігінің арқасында екі гол соғып, басты бәсекелесінің бірін тізе бүктірді. Маусым барысында «Ақжайықтан» ауысып келген Валиуллин бір голды өзі соғып, екіншісінде допты Марко Обрадовичтің иығына салып берді...

Осындай маңызды ойында өз жастарымыздың ерекше көзге түскені қуантады. Русланнан бөлек «Ақтөбенің» қақпашысы Самат Отарбаевты да өзгелерден бөле-жара атап өтуге болады. Сидельниковтің өрескел қателіктерінен кейін негізгі құрамда алаңға шығып, міне, екінші рет қатарынан өз қақпасына гол жіберген жоқ.

«Ақтөбе» – «Шахтер» – 2:0

Голдар: Валиуллин, 52. Обрадович, 81.

Ескертулер: Сзоке, 35. Обрадович, 67. Дмитренко, 84. Шурыгин, 90+1.

«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Воловик (к), Симович, Колчак, Нейн, Байтана (Шурыгин, 75), Валиуллин, Савич (Обрадович, 53), Шимкович (Муарем, 82), Зенькович.

Қосалқы құрам: Сидельников, Сәулет, Айтбаев, Розыбакиев, Кәкімов, Жүнісов.

«Шахтёр»: Шацкий, Габышев, Тарасов (к), Хлебоун, Дмитренко, Стоянович, Сзоке, Валента (Наджарян, 64), Зошак (Өміртаев, 73), Станоевич, Хижниченко (Шахметов, 46).

Қосалқы құрам: Багинский, Путинцев, Әлімбаев, Пикалкин, Ермеков.

Төрешілер: Рахымбаев, Тергеусізов (екеуі де – Алматы), Айжігітов (Қызылорда).

10 қыркүйек, 2017. Ақтөбе, «Орталық». 12000 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика