Вернуться к списку статей

Нұрбол Жұмасқалиев енді “Алтайдың” намысын қорғайды

Футбол
2K
Нұрбол Жұмасқалиев
«Алтай» футбол клубы бүгін елімізге танымал төрт футболшымен келісімшартқа отырғандығын ресми түрде жариялады. Олар – Н.Жұмасқалиев, Ж.Молдақараев, А.Касьянов және А.Григоренко.

Нұрбол Жұмасқалиев – есімі қазақ футболының тарихына жазылған дарынды ойыншы. Жартылай қорғаушы болса да, Қазақстан чемпионаттарында 165 гол соғып, мергендер тізімінде көш бастап тұр.

Жасыл алаңдағы карьерасын тек қана қазақ жастарынан жасақталған «Намыс» клубынан бастап, «Нарын», «Жетісу», «Локомотив/Астана», «Тобыл» клубтары сапында өнер көрсеткен. Қостанай клубынан өткен маусының аяғында кетті.

2010 жылғы Қазақстан чемпионы. Төрт рет күміс жүлдегер (2003, 2005, 2007, 2008 жылдары), үш мәрте қола жүлдегер (2002, 2004, 2006 жылдары) атанған. 2007 жылы Қазақстан кубогының және УЕФА ұйымдастырған Интертото кубогының, ал 2011 жылы Қазақстан суперкубогының иегері болды.

ҚФФ және Goаl жорналының тұжырымы бойынша төрт рет Қазақстанның ең үздік футболшысы болып танылды. 2001, 2003, 2004, 2005 жылдардағы еліміздің ең үздік жартылай қорғаушысы.  

Жасұлан Молдақараев – Қызылорда футболының түлегі. Былтырдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы сапына шақыртыла бастады. 2016 жылы «Оқжетпес» клубының сапында 31 ойын өткізіп, 6 гол соқты.


Артем Касьянов – тәжірибесі мол Украина легионері. ҚР чемпионатында ойнап жүргеніне біраз болды. «Динамо, «Сталь», «Металлург», «Харьков», «Черноморец», «Металлист» (бәрі де – Украина) және «Ордабасы», «Жетісу» клубтары сапында ойнаған. Қазақстан кубогы мен суперкубогының иегері (2011 және 2012 жылдар).

Александр Григоренко – тәжірибелі, сенімді қақпашы. «Рось» (Украина), «Атырау», «Шахтер», «Ордабасы», «Тараз» клубтарының намысын қорғаған. Біздің елде 2004 жылдан бері өнер көрсетіп жүр.

Кеншілер клубымен Қазақстаның екі дүркін чемпионы (2011, 2012 жж.), екі дүркін қола жүлдегері (2007, 2009 жж.) болды. Ел кубогының финалында екі жыл қатарынан шыққан (2009, 2010 гг.).

Қазір Қазақстан азаматы. 2004 жылы Қазақстан жастар құрамасы (U-21) сапына алынып, Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында 11 ойын өткізген. Екі ойында капитан болған. 

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика