Вернуться к списку статей

Кәсіпқой футбол лигасы – Михаил Бакаевтың екі азаматтығы болуы мүмкін емес

Футбол
1K
Кәсіпқой футбол лигасы – Михаил Бакаевтың екі азаматтығы болуы мүмкін емес
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы Михаил Бакаевтың мәселесіне байланысты сұраққа жауап берді.

Ресей футбол одағының арнайы комитеті «Анжи» футбол клубының арызынан кейін Михаил Бакаевтың Ресей Премьер-лигасындағы жағдайына байланысты мәжіліс өткізіп, оны «легионер емес» деп мойындады. Себеп оның азаматтығында емес. Михаил Бакаевтың кезінде Ресей жастар құрамасында ойнағанын ескерген РФО бұл футболшыны легионер емес, «өз ойыншысы» ретінде қабылдау туралы шешім қабылдапты.

Бір қызығы, Бакаевтың азаматтығы туралы бір сөз жоқ. Оның чемпионатқа қандай төлқұжатпен тіркелгенін де атап өтпеген. Тек кезінде Ресейдің жастар құрамасында ойнағанын ғана айтқан.

Ал Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы Михаил Бакаевты Қазақстан азаматы дегеннен қайтпай, оның екі төлқұжаты болуы мүмкін еместігін айтып отыр.

– Қазақстан футболында «легионер» немесе Қазақстан азаматы деген түсінік жоқ. Бізде «Қазақстан футболының тәрбиеленушісі» немесе «тәрбиеленушісі емес» деп екіге бөлінеді. Осы ереже қабылданған уақытта Михаил Бакаевта Қазақстан Республикасының төлқұжаты болды. «Қайрат» футбол клубы әр маусымның алдында бүкіл ойыншыларының құжаттарын көрсетіп, әр футболшының құжаттар жиынтығын өткізіп тұрды. Бәрі тексерілген. Оның тек Қазақстан паспорты ғана бар, екі төлқұжаты болуы мүмкін емес, – деді Кәсіпқой футбол лигасы баспасөз қызметінің жетекшісі Олег Кунгуров.

Бұл жерде бір ғана түсініксіз нәрсе бар. Егер Михаил Бакаев Қазақстан Республикасының азаматы болса, онда неліктен «Анжи» және футболдан Ресей Премьер-лигасының ресми сайттарында бұл ойыншыны Ресей азаматы деп көрсеткен? Ал егер Бакаевтың төлқұжаты қызыл түсті болса, онда неге «Анжи» оның «легионер еместігіне» байланысты Ресей футбол одағына шағымданып, осы туралы мәжіліс өткен? Қызық. Түсініксіз. Тылсым. Сондықтан, бұл тақырыпқа алдағы уақытта тағы ораламыз-ау.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика