Вернуться к списку статей

Шымкенттегі Орталық стадионның шамын жағуға 204 миллион теңге жұмсалды

Футбол
2K
Шымкенттегі Орталық стадионның шамын жағуға 204 миллион теңге жұмсалды
Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов стадионын сертификациядан өткізу үшін 204 млн. теңге жұмсалған. Оның 150 миллионы шамын жағуға кетіпті. Бұл туралы бізге Орталық стадион директорының орынбасары Бекбатыр Құнанбаев айтты.

– Стадионды сертификациядан өткіздік. Енді 10 қыркүйек күні «Ордабасы» осы алаңда «Таразды» қабылдай алады. Біздің басты проблемамыз стадионның жарығы болатын. Міне, соны реттедік. Кеше түнде Қазақстан футбол федерациясының арнайы мамандары келіп, бәрін тексеріп кетті де, ойындарды өткізуге рұқсат берді, - деп бастады Бекбатыр Көбекұлы.


– Жөндеу жұмыстарының шығыны жөнінде айтып өтсеңіз.

– Өздеріңіз білесіздер, бұл біздің бұрыннан келе жатқан бас ауруымыз еді. Барлық шығыны 204 миллион теңгені құрады. Соның тек 150 миллионы прожекторға кетті. Бірақ бұл қаржы өзін ақтайды деп ойлаймыз.

– Бұл стадионда енді тек «Ордабасы» ойнайтын бола ма, әлде «Қыранға» да орын бар ма?

– Ертең «Қыран» Шымкентте «Байқоңырмен» кездесуі керек екенін білесіздер. Бірақ, олар бұл матчты Орталық стадионда өткізуге үлгермей қалды. Ал келесі қонақтарды осы Қажымұқанда қабылдай алады.

– Стадион жаңарды, жарық іске қосылды. Енді жанкүйерлер ойындарды кешкі салқында тамашалай алатын болады. Бұл билет бағаларына әсер етпей ме?

– Биыл билет бағалары сол күйі қала береді. Яғни, ересектерге 300, балаларға 100 теңге. Дегенмен, келесі жылы билет бағалары сәл қымбаттауы мүмкін. Ол жағы келесі маусымның басында белгілі болады.

– Бекбатыр Көбекұлы, жалпы сіздің пікіріңізше, Қажымұқан стадионын Қазақстан ареналарының рейтингінде қай орынға қоюға болады?

– Табиғи алаңдардың ішінде меніңше, Алматының Орталық стадионынан кейін екінші орында тұр. Тіпті, бірінші орында деп те айтуға болады. Өйткені, біздікі 100 пайыз табиғи. Ал Алматыда 70 пайызы табиғи шөп болса, қалған 30-ы жасанды шөп. Кезінде осында келгенде Владимир Вайсстың өзі тамсанып, біздің алаңды еліміздегі үздік желек деп мақтап кеткен.

– Енді келесі жылы «Ордабасы» Еуропа лигасын Шымкентте өткізе ала ма?

– Әлбетте, енді біз Алматы жағаламаймыз. Өзіміздің стадионда өткіземіз. Біздің басты проблемамыз – стадионның алаңы емес, киім ауыстыру бөлмелері емес, мачтасы болатын. Прожекторын жасадық, шамдарын жақтық. Енді Еуропа лигасын қабылдай аламыз. Бәрі «Ордабасыға» ғана байланысты. Жолдаманы жеңіп алады деп сенеміз. Сондай-ақ, биыл осы Қажымұқанда Қазақстан жастар құрамасының бір ойыны өтуі мүмкін. Қазан айында жастарымыз Болгарияны қабылдауы керек екен ғой. Егер Қазақстан футбол федерациясы рұқсат берсе, баршаңызды жастарымызға жанкүйер болуға Шымкентке шақырамыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика