Ұлттық құрама тізгінінін осы жылдың ақпан айында ұстағалы бері Александр Бородюк барлық жеңілістерде бар кінәні не төрешілерге, не футболшыларға артып келеді.
Александр Бородюктің Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ретіндегі бірінші ресми ойыны Еревандағы кездесуге тұспа-тұс келді. Армениядан 0:2 есебімен жеңілдік. Кездесуден кейін бас бапкер Сергей Малыйды алаңнан қуып жібергені үшін төрешіні айыптап, жеңілістің басты себепкері ретінде македониялық қазы Александр Ставревті айыптаған еді. Одан бөлек, «Жігіттердің жігерліктерінде мін жоқ» дегенімен бас бапкер әлі де футболшылардың психологиясымен жұмыс істеу қажеттігін айтқан. «Өз алаңымыздағы ойындарда жеңуіміз керек» деп қорытындылаған сол кезде Александр Гейнрихович. Алайда, келесі кездесуде Алматыда Даниядан ұтылдық. Ойынға Бородюктің өзінің отандасы Владислав Безбородов төрелік еткен. Матчтан кейін бас бапкер төрешіні жерден алып, жерге салып, жер жебіріне жетті. Исламханға қызыл қағаз көрсеткені үшін жазықты болған төреші біздің жеңілісіміздің басты кінәлісі екен.
Өткенде ұлттық құрамамыз Црна Гораны қабылдап, жауапсыз үш гол жібердік. Толық құрамда және ешқандай пенальтисіз. Ойыннан кейін бас бапкердің не дегені есіңізде ме?
– Бәлкім, біздің басты проблемамыз психологияда шығар. Футболшылар өздеріне сенімсіз. Тәжірибе жетіспейді, өз күштеріне сенім жоқ. Мен де жазықтымын, футболшылар да кінәлі, - деген сол кезде Александр Бородюк.Ал кеше Польшамен болған ойыннан кейін бас бапкер тағы да бар кінәні футболшыларға артты.
– Бұл ойын біз үшін сабақ болуы қажет. Біз Польша сынды қарсыластарға қарсы ойында допты бақылап үйренуіміз қажет. Сондай-ақ, 57 мың көрермен жиналған трибуналардың алдында да ойнап үйрену керекпіз. Бізге осындай халықаралық ойындарға бейімделе білу керек. «Физиканы» алдай алмайсың. Мәселен, Польша мен Црна Гора құрамаларында әр үш күнде максимум деңгейде доп тебе білетін жігіттер бар. Бізге жетіспей тұрған осы нәрсе, - деді Александр Гейнрихович.
Одан кейін Варшавада журналистерге берген кеңейтілген сұхбатында бас бапкер «Қазақстанда еуропалық деңгейде жылдам ойнай алатын екі-ақ ойыншы бар», - деп тағы да біраз футболшымыздың намысына тиді.
Бәлкім, Бородюкке бар кінәні төрешілер мен футболшылардан іздей бермей, өзінің біліктілігіне де бір қарап қойған дұрыс шығар. Өйткені, былтыр дәл осы Польшамен Талғат Байсуфинов баптаған ұлттық құрама 2:2 есебімен тең түскен. Рас, Байсуфиновтың командасы түзде Црна Горадан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Алайда, румындардан да ұпай ала алған бұл команда. Сонда былтыр ғана Еуропаның еңселі құрамаларымен терезесі тең дәрежеде айқасып жүрген футболшыларымыз бір жылдың ішінде доп тебуді ұмытып қалғаны ма?
Әр баспасөз мәслихатынан кейін кінәні өзінен емес, өзгеден іздей беретін, қит етсе «футболшыларымыздың деңгейі төмен» дей беретін бапкерді кім сыйлай қойсын? Әлбетте, осыдан кейін ол үшін ешкім де жанын сала ойнамайтыны белгілі. Црна Горамен болған ойында Георгий Жуков жарақат алып қалды, сол матчтан кейін Серікжан Мужиков саптан шықты. Бас бапкердің әлгіндей сөздерінен кейін Румыния және Арменияға қарсы алаңға шығатын ойыншылар мүлдем қалмай қалса, еш таңғалмаймыз. Жоқ, біз Қазақстан футболшыларын Англияны алып ұрып, Италияның екі аяғын бір етікке тығатындай мықты деп жатқан жоқпыз. Алайда, кемшіліктерін де бетке баса беруге болмайды ғой.