Вернуться к списку статей

Александр БОРОДЮК – Ұлттық құраманың жеңілісіне толығымен мен кінәлімін

Футбол
1K
Сурет kazfootball.kz сайтынан
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюкке көп сұрақ қойылмады. Қыспаққа алуды жөн көрмедік. Өзі де кінәсін сезініп тұрған сияқты. Црна Горадан ойсырай жеңілгеніне өзінің де қолтаңбасы қалғанын мойындады. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында төрт-бес сұрақпен қайтардық.

– Өте мықты құрамадан жеңілдік. Черногория – құрамы келіскен, ойыны жүріп тұрған команда. Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне баруға бар күштерін салып жатыр. Қолдарынан келетін секілді. Ал біз жоспарларымызды жүзеге асыра алмадық. Матч басында біраз нәрсе ойлағанбыз. Бәрі зая кетті. Шабуылда өз мүмкіндіктерімізді мүлт жібермеуіміз керек еді. Алда бізді әлі талай жұмыс күтіп тұр. Әсіресе стандартты жағдайлармен көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы стандарт деген бәле болды. Черногорияда да содан жапа шеккенбіз. Бүгін де солай. Жалпы, қазіргі футболда стандартты жағдайларды жеңіске бастар жолдың басты тетігі деп білемін, – деп бастады Бородюк.

– Менің сұрағым қарапайым. Ұлттық құрамаға футболшыларды қандай принціптермен таңдайсыз? Олай дейтінім, қорғаныс пен жартылай қорғаныстың арасындағы түсіністік – нөл. Шомко ұйықтап жүр, Қуат допты айдалаға теуіп жатыр. Жалпы, ойын басталмай тұрып команда алдына қандай тапсырма қойдыңыз?

– Мен Қазақстан Премьер-лигасындағы қазіргі таңдағы ең үздік ойыншыларды шақырдым. Бары осы. Бәлкім олай кейбір сәттерде қателіктер жіберген шығар. Бірақ, арасында жақсы ойнаған кездері де аз емес. Біз үш гол жіберіп алдық. Бірақ екеуі стандартты жағдайдан кейін соғылды. Бәлкім, біздің басты проблемамыз психологияда шығар. Футболшылар өздеріне сенімсіз. Ал Черногория құрамасының басым бөлігі Еуропаның еңселі чемпионаттарында ойнайды. Халықаралық аренадағы тәжірибелері зор. Бізде олай емес. Тәжірибе жетіспейді, өз күштеріне сенім жоқ. Соған қарамастан біз олардан көп жағдайда кем түскен жоқпыз. Таблодағы есеп бүгінгі ойынның көрінісі емес. Егер өзімізде болған мүмкіндіктерді голға айналдыра алғанымызда ойын барысы басқаша өрбитін бе еді... Жалпы, тағы қайталап айтамын, бұл жігіттер Қазақстанның дәл қазіргі таңдағы ең үздік футболшылары.

– Бірінші таймда да, екінші таймда да гол соғатын мүмкіндіктер көп болды. Бәлкім, үзіліс кезінде алаңға Щеткин, Хижниченко сынды бойшаң шабуылшылардың бірін шығару керек пе еді?

– Сізбен келісемін, шабуыл шебінде гол соғатын мүмкіндіктеріміз көп болды. Соғуымыз керек еді. Мұның барлығы жаттығулардың нәтижесінде келеді. Алаңға шығарған жігіттер осындай ойындарда өздерін көрсетулері керек. Шабуылшыларға келер болсақ, әлбетте екінші таймда бойшаң шабуылшыны қосуға болар еді. Алайда, Жуковтың жарақаты жоспарымды құртты. Оны тым ерте алмастырамын деп ойлаған жоқ едім. Жарақат алып қалды. Әйтпесе, мен орта шепте «Қайраттың» қос ойыншысы Жуков пен Қуат бір-бірін түсінісіп ойнайды деп жоспарлағанмын. Бірақ, кім біледі, сіз айтқандай, тағы бір шабуылшыны шығарғанымда дұрыс болар ма еді? Алайда, бұдан бірнәрсе өзгеретін еді деп ойламаймын. Өйткені, қақпашысын көрдіңіз ғой. Иелігіне жеткен доптың бәрін қайтарып жатты. Қорғаушылары да ешкімді өткізген жоқ.

– Бойшаң шабуылшының жоқтығына қарамастан бірінші таймда да, екінші таймда да қапталдағы ойыншылар допты айып алаңына әуелете асырумен болды. Бұл сіздің тапсырмаңыз ба еді?

– Жоқ, мен футболшыларға осылай ойнаңдар деп айтқан жоқпын. Жігіттер тым қобалжып кеткен болулары керек. Допты алға қарай асыра берді. Жалпы, менің жоспарым бойынша біз Черногория қорғанысын қос қаптал арқылы бұзуымыз қажет болған. Сөйтіп, алғы шептегі ойыншыларға допты дәл жеткізулерін сұрағанмын. Ал әуелете асыру жайлы әңгіме болған жоқ. Өйткені, олардың қорғанысында бойшаң ойыншылардың өте көп екенін білетінбіз.

– Өткен жылы дәл осы уақытта, дәл осы алаңда топ көшбасшысы Польшадан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестіріп кеткенбіз. Одан кейін Румыниядан ұпай тартып алғанбыз. Сонда футболшылардың бір жылдың ішінде доп тебуді ұмытып қалғандары ма? Әлде басқа себептер бар ма?

– Өте ауыр сұрақ. Не деп жауап берерімді де білмеймін. Әлбетте, бұл жеңіліске... бұл жеңіліске менің де кінәм бар. Бір нәрсені дұрыс жасамаған шығармын. Ескермей қалған нәрсем бар шығар. Мен де жазықтымын, футболшылар да кінәлі. Команда жеңілсе, демек бас бапкер бірнәрсені дұрыс жасамады деген сөз. Әрине, бас бапкер ретінде жеңілісті мойныммен көтеруге дайынмын. Сізбен келісемін, менің де кінәм бар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика