Вернуться к списку статей

Қазақстан – Црна Гора: өз алаңымызда да ойсырай ұтылдық

Футбол
1K
Қазақстан – Црна Гора – 0:3. Фото: kff.kz
Қазақстан ұлттық құрамасы Црна Гора футболшыларынан өз жерімізде де ойсырай ұтылып қалды.

Қазақстан және Црна Гора құрамалары 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясында екінші рет кездесіп отыр. Былтыр 8 қазан күні Подгорицада «қаратаулықтар» 5:0 есебімен үстем түскен. Өз алаңымызда, тым болмаса, бір гол айырмасымен ұтып, есе қайтара ма деп едік. Болмады...

Негізі, бүгінгі ойынды Қазақстан құрамасы жоғары қарқында бастады. Дамылсыз шабуылдап, қонақтардың қақпасына қауіп төндірумен болды. Бірақ допты қақпаға енгізе алатын ешкім табылмады. Ал қандай мүмкіндіктер болды десеңізші?! Біресе қиыс тебеді, енді бірде асып-сасып, қас-қағым сәтті мүлт жіберіп қояды, енді бірде қонақтардың қақпашысы өте қауіпті соққылрды тойтарып, қас шеберлік танытты, тағысын тағы...

Црна Гора футблшылары да қарап қалмады. Қарсы шабуылдары өте қауіпті болды. Бірде Шомко, екіншісінде Ахметов олардың ойыншыларының аяғындағы допты тартып алып, жанкештілік танытты. Әйтсе де, қонақтар бірінші таймда есеп ашты. Марко Вешович орталық қорғаушыларымыздың қателігін пайдаланып, сытылып кетіп, қақпашымен бетпе-бет шықты да, Лорияның өзін де қапы қалдырды.

Екінші таймда да біздің футболшылар ұрымтал сәттерде жаза басып, тамаша мүмкіндіктерді мүлт жіберіп қойды. Содан кейін, ала допты алға қарай әуелетіп асырумен болды. Кімге?! Түсініксіз. Ұлттық құраманың шабуылы өтінде Кабананга мен Гоу жоқ қой... Ал олардың бұл пастары Црна Гора қорғаушыларының оңай олжасына айналып отырды.

Ойынның екінші жартысында біздің құрама тағы да стандарт жағдайларда жайбасарлық танытып, екі гол жіберіп алды. Црна Гора футболшылары айып соққысын орындап, әуелеп келген допты Фатос Бечирай мен Марко Симич қақпа ішіне дөп түсірді. Біздің қорғаушыларымыз да, қақпашымыз да оларға бөгет бола алмады...

Біздің футболшыларымыз да гол соғатын мүмкіндіктер болған. Бірақ ешқайсысы да теңбіл допты қақпа ішінде тулатата алмай, пұшайман болды. Қақпаның дәл алдында тұрып, аяғындағы допты әлдеқайда биік тепкені де бар, қиыс кеткені де бар... Әйтеуір стадиондағы көрермендерді аһ ұрғызумен болды.

Сөйтіп, Ресей маманы Александр Бородюк жаттықтыратын ұлттық құрамамыз өз алаңымызда да ойсырай ұтылды. Талғат Байсуфинов тіпті Польша мен Румыниядан да ұтылмап еді. Ал қазіргі бас бапкеріміз Алматыға апарса да, Астанаға әкелсе де, сенімді ақтай алар емес...

Қазақстан – Црна Гора – 0:3 (0:1)

Голдар: Вешович, 31. Бечирай, 53. Симич, 63.

Ескертулер: Нұрғалиев, 21. Байжанов, 52. Мұжықов, 74 – Симич, 43.

Қазақстан: Лория, Бейсебеков, Логвиненко, Ахметов, Шомко, Қуат, Жуков (Байжанов, 17), Сүйімбаев (Тағыберген, 85), Муртазаев, Мұжықов, Нұрғалиев (Тұрысбек, 62).

Црна Гора: Петкович, Томашевич, Симич, Савич, Марушич, Вукчевич, Косович (Иванич, 54), Вешович, Янкович, Йоветич (Зверотич, 72), Бечирай (Мугоша, 84).

Төрешілер: Дельферьер, Ив де Нев, Фанизере (бәрі де – Бельгия).

1 қыркүйек. Астана. «Астана Арена».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 17 – 12
Тура соққы: 3 – 6
Қиыс кеткені: 11 – 3
Тойтарылғаны: 3 – 3
Қақпа бағанасы мен маңдайшасына тигені: 1 – 1
Бұрыштама соққылар: 9 – 1
Офсайдтар: 3 – 0
Доп иелену: 54% – 46%
Пастар дәлдігі: 82% – 78%
Пастар: 435 – 322
Дәл пастар: 355 – 251
Ескерту (сары қағаз): 3 – 1
Ереже бұзу: 19 – 10

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика