Вернуться к списку статей

Александр БОРОДЮК – Ұлттық құраманың ойыны Бауыржан Исламханға байланып қалған жоқ

Футбол
1K
Александр БОРОДЮК – Ұлттық құраманың ойыны Бауыржан Исламханға байланып қалған жоқ
Қазақстан – Црна Гора ұлттық құрамаларының арасындағы матчтың қарсаңында алаң иелерінің бас бапкері Александр Бородюк баспасөз мәслихатын өткізlді. Еліміздегі кейбір спорт журналистеріне өкпесі қара қазандай екен. Сұрақтарды күтпестен бірден шағымдана бастады:

– Алдымен мына нәрсе жайлы пікірімді білдіргім келеді. Осында отырған журналистер басқа әріптестеріңізге де, жалпы жанкүйерлерге де жеткізерсіздер деп ойлаймын. Әлбетте, мен спорт журналистеріне үлкен құрметпен қараймын. Алайда, соңғы кездері өсек теретін тілшілер көбейіп кетті. Соның бірі Таңат Нөсербаевқа қатысты, – деп бастады Александр Гейнрихович. – Кейбір журналистер мені Таңатпен сөзге келіп, ұрысып қалды деп жалған ақпарат таратып жүр. Ұлттық құрамаға сол үшін шақырмады деп жатыр. Жоқ, екеуміз ешқашан ұрысқан емеспіз. Арамызда ешқандай түсініспеушілік болған емес. Мен оны тек жарақаты үшін шақырмадым. Оның жарақатынан айыға алмай жүргеніне көп болды. Сол үшін бабына келе алмай жүр. Тағы бір айтарым, мен өзім ресейлік болсам да, көп ұлтты Қазақстан еліне аса құрметпен қараймын. Сондықтан, ұлттық құрамада тек Қазақстан азаматтары ойнағаны дұрыс деп есептеймін. Мәселен, Константин Энгель. Қазір Германияның екінші Бундеслигасында доп теуіп жүр. Жақында өзімен де, Энгельдің өкілімен де кездестік. Бір-бірімізде сәттілік тіледік. Бірақ, оның дәл қазіргі уақытта Қазақстанның емес, Германияның азаматы екендігін бәріңіз білесіздер. Бұл әңгімені осы жерден тоқтатқан дұрыс болар.

– Сіз ұлттық құрамамызға шақыртылған футболшылардың тізімін 17 тамыз күні жариялап тастадыңыз. Одан бері ел чемпионатында екі тур өтті. Жаңадан шақыртылғандар немесе жарақат алып қалғандар бар ма?

– Ешқандай өзгеріс жоқ. Шақыртылған ойыншылардың барлығы Астанаға келді. Дегенмен, кейбірінде кішігірім жарақаттар бар. Кім дайын болса, ойынға соны шығарамыз.

– Црна Горадан бірінші ойында 0:5 есебімен ойсырай жеңілген еді. Сол ойында командамыздың сапынан қандай қателіктер байқадыңыз?

– Иә, сол ойынды видеодан қайта қарап шықтым. Рас, матчты жаман бастамаған едік. Бірақ, стандартты жағдайларда көп қателіктер кетіп, соның кесірінен таблода әлгіндей есеп тіркелді. Ертең олардың әр ойыншысына мұқият болуымыз керек.

– Ұлттық құрама Астанаға төрт-ақ күн бұрын жиналды. Бұл алдағы матчқа дайындалу үшін толық жеткілікті болды ма?

– Қай ұлттық құраманың бас бапкерінен сұрасаңыз да олар өздеріне берілген уақыттың тым аз болғанын айтады. Төрт күнде не істей аламыз? Бірінші ретте футболшылардың психологиясымен айналыстық. Оларға рух беруге тырыстық. Ал жеке шеберліктеріне ешкімнің де күмәні жоқ.

– Энгель туралы айттыңыз. Ал Германияда доп теуіп жүрген Шмитдгаль мен Меркель жайлы не айтасыз?

– Олар Германияның азаматы. Германия паспортынан бас тартқан жоқ. Енді сіз Қазақстан футбол федерациясының Регламентіне және Қазақстан Конституциясына назар салып көріңізші. Өзге елдің азаматы біздің құрамада ойнай ала ма? Әрине, жоқ.

– Ал қазақтың қаны бар немесе Қазақстанда туып-өскенімен басқа елдерге көшіп кеткен футболшыларға мониторинг жасап жүресіз бе?

– Әлбетте, біз ұлттық құрамада ойнай алатын кез келген футболшыға есігімізді ашамыз. Тек оларды бас командаға шақырғанда Қазақстан заңнамасына қайшы келмейтіндей болуы тиіс. Екі азаматтығы бар ойыншыларды ұлттық құрамаға тарта алмаймыз.

– Екі ойын үшін төрт қақпашы шақырыпсыз. Бұл тым көп емес пе?

– Біз кез келген ойыншыға мүмкіндік бергіміз келеді. Ұлттық құрамаға «Ертістен» Давид Лорияны, «Қайраттан» Стас Покатиловты, «Астанадан» Александр Мокинді, «Шахтерден» Игорь Шацкийді шақырдық. Қайсысы бабында болса, алаңға соны шығарамыз.

– Давид Лорияны капитан ретінде сіз бекіттіңіз бе, әлде бұл команданың таңдауы ма?

– Маған жасыл алаңда команданы алға жетелейтін, ойын басында және үзіліс кезінде футболшыларға қайрат бере алатын көмекші керек болған. Давидті сондай лидер деп білемін. Менің көзқарасым мен футболшылардың пікірі бір жерден шықты деп ойлаймын. Давидті капитан ретінде футболшылардың өздері дауыс беру арқылы таңдады.

– Демек, ол ертең негізгі құрамда алаңға шыға ма?

– Ол жағын енді ертең көре жатарсыздар. Төрт қақпашы бар. Бәсекелестік жоғары. Қайсысы мықты болса, соны шығарамын.

– Үш ойынға шеттетілген Бауыржан Исламханның орны ойсырап тұрған жоқ па?

– Испанияның әйгілі жаттықтырушысы Луис Арагонес айтпақшы, бір ойыншыға ғана байланып қалған командадан түк шықпайды. Исламхан қанша жерден мықты болғанымен оның орнын жоқтатпайтын жігіттер көп. Ертеңгі ойында Бауыржанның жоқтығын сезбей де қаласыздар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика