Футболшылармен салыстырғанда төрешілерде айлық жоқ. Олар әр матч үшін еңбекақыларын алады. Бұл әлемдік тәжірибе. Футболы дамыған барлық елдерде осылай. Тек Англияда ғана арбитрлар әр матчқа берілетін гонорардан бөлек, жылдық жалақыларын алады.
Сонымен, Қазақстан Премьер-лигасында бас төреші бір ойын үшін 196 020 теңге еңбекақы алады. Қапталдағы төрешілердің әрқайсысына тиетіні – 108 900 теңге. Қақпа сыртындағы қосалқы арбитрлардың бір матчтық қызмет ақысы – 54 450 теңге. Сондай-ақ, резервтегі төреші өзінің қызметі үшін 21 780 теңге алатын болса, матч инспекторының гонорары 98 010 теңгені құрайды.
Бірінші лигадағы төрешілердің қызметақылары біршама аз. Мәселен, бас төрешіге бұйыратыны 108 900 теңге болса, оның қос қапталдағы көмекшілері 54 450 теңгеден алады.
Жалпы, Бірінші немесе Екінші лигаларды айтпай-ақ қояйық, Премьер-лигадағы бас төрешілердің гонорарлары қаншалықты көп дегенге жауап іздеп көрейікші. Алдымен, елімізде Премьер-лига деңгейіндегі төрешілердің санын біліп алған жөн. Биыл Премьер-лигамыздың бас арбитрі ретінде 21 адам тіркеліпті. Тағы төртеуі резервте тұр. Ал матчтардың саны әр турда алтау-ақ. Сонда бір айда орта есеппен төрт тур өтеді деп есептейтін болсақ, әр төрешіге небәрі бір немесе екі ойыннан ғана тиеді екен. Тіпті, кейбіріне айлап та ойындар бұйырмай жатады.
Енді көрші Ресеймен салыстырыңыз. Ол жақта бас төреші бір ойынға 90 мың рубльдан алады екен. Біздің ақшаға шаққанда 502 200 теңге. Былтырғы деректерге сүйенсек, Франция чемпионатында бас төреші бір ойынға 2751 евро еншілейді. Италияның А сериясында бас төрешілердің бір матчтың қызметіне 3400 евродан төлейді. Испания La лигасында арбитрлар әр матчы үшін 6 мың евродан алады. Англияда арбитрлардың қызметақысы әлгі елдерден едәуір аздау. Яғни, бір матчқа 1180 фунт (1280 евро). Дегенмен, оларда әр төреші жалақы ретінде жылына 38,5 мың фунттан алып отырады.
Ал Қазақстанда төрешілердің бір матчтық қызметақыларының өзгермегеніне биыл сегіз жылдан асты. 2009 жылы Төрешілер және нұсқаушылар департаментінің басшысы Николай Левниковтың ұсынысымен ҚФФ арбитрлардың еңбекақыларын осы сомаға дейін көтерген. Ол кезде бұл өте жақсы ақша болатын. Алайда, қазіргі нарықта, шыны керек, 200 мың теңгең аса көп ақша емес. Ресми түрде ешкімге шағым жасамағанымен төрешілердің өзара әңгімелерінде еңбекақыларының аз екендігін айтып жататынын жиі естиміз. 2015 жылдың басында бұл мәселе Қазақстан футбол федерациясының сол кездегі президенті Ерлан Қожағапановқа жетіп, Тоқтарханұлы «жазықты төрешілерді түрмеге жауып, жазалаймын» дегенімен арбитрлардың қызмет ақыларын екі есеге көтеруге уәде берген. Алайда, қазір Қожағапановтың өзі де жоқ, уәдесі де орындалмады.
Енді міне, төрешілердің жалақылары Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасында кезекті рет талқыланды. КФЛ мүшелерінің кезекті жалпы отырысы 14 қазанда Ақтөбеде өтуі тиіс. Егер бәрі оңды болса, келесі маусымнан бастап төрешілердің бір матчтық еңбекақылары біршама өсуі әбден мүмкін.