Михаил Бакаев «Қайратқа» 2014 жылы келген. Оған дейін осетиндік ойыншы Ресейдің «Автодор», «Алания», 2009-2011 жылдар аралығында «Анжиде» доп тепкен. Сол жылдары еліміздің футбол федерациясында легионерлерге Қазақстан азаматтығын «таратып беруге» тиым салу туралы ереже қабылданғанымен Бакаев барлық Регламенттерден аттап өтіп, «Қайратқа» келе салысымен бірден Қазақстан азаматтығын алды.
Енді міне, арада үш жыл өткенде Михаил Бакаев Алматының «Қайратынан» кетіп барады. Агенті білікті екен, Ресей Премьер-лигасынан бір-ақ шықты. Бакаев енді Махачкалада доп тебеді. Бірақ, қай елдің азаматтығын таңдайды екен. Кезіндегі Заурбек Плиев секілді төлқұжатымызды қоқыс жәшігіне тастай ма, әлде Ресей чемпионатында Қазақстан азаматы ретінде доп тебе ме? Әй, қайдам, ресейліктер Қазақстаннан келген легионерлерді неғылсын?!
Айтпақшы, «Қайрат» сапында екі рет ел кубогын, бір рет Қазақстан суперкубогын жеңіп алып, чемпионатта күміс жүлде мен қола жүлдеге қол жеткізген. Алайда, сол күйі чемпиондықты иелене алмай кетті. Биыл ел чемпионатында 25 ойынның 17-сіне ғана қатысып, екі сары қағаз алғаннан басқа түк бітірген жоқ.