«Ақтөбе» осы матчқа дейін көш соңында тұрған болатын. Әрі жанкүйерлерінен сөз естіп, мейілінше сыналған еді. Бүгін басты бәсекелесін ұтып, екі саты жоғары көтерілді. Аутсайдер кейіпінен құтылды. Бірақ ұпай айырмасы соншалықты көп емес. Қызықтың бәрі әлі алда сияқты.
«Оқжетпес» басты бәсекелесінен ұтылуға болмайтынын біледі. Бірақ бірінші таймда қарсыластарына төтеп бере алмай қалды. Екі гол жіберіп алып, еңселері түсіп кетті. Абырой болғанда, биылғы маусымда алғаш рет негізгі құрамда шыққан қақпашысы пенальти тойтарып, ірі есеппен ұтылған жоқ.
«Ақтөбе» бірінші таймда басымдық танытты. Допты өздерінде көп ұстады. Жиі шабуылдады. Екі гол соқты. Рас, екінші таймның басында команданың сұрмергені пенальти соға аламай, жаза басты. Әйтсе де, ойынның екінші жартысында жеңісті есепті уысынан шығарып алмауды ойлады. Қорғанысқа көп көңіл бөліп, қарсы шабуылдарға иек артты.
Айтпақшы, екі команда да бұл ойында қақпашысын ауыстырыпты. «Ақтөбе» өткен турда өрескел қателіктер жіберген Андрей Сидельниковтің орнына Самат Отарбаевты шығарып, жеңіске жетті. Отарбаев бірнеше рет ширақ қимылдап, сенімді ақтады. Ал «Оқжетпес» Саша Стаменковичті Руслан Әбжановқа алмастырды. Ұтылып қалғанына қақпашысы кінәлі емес сияқты...
Кім біледі, «Оқжетпес» үшін бұл осы маусымдағы ең негізгі ойын да болған шығар. Өз алаңында ұтылды. Тым болмаса, тең түскенінде, премьер-лигадағы орнын сақтап қалу жеңілдеу болар ма еді?! Енді, қиын. Қалған ойындарды жеңіске жете ала ма? Белгісіз...
«Оқжетпес – «Ақтөбе – 0:2 (0:2)
Голдар: Зенькович, 25. Савич, 34.
59-минутта Зенькович пенальти соға алмады.
Ескертулер: Колчак, 5. Досмағамбетов, 7. Абдулин, 27. Қайыров, 43. Савич, 44. Фрейдгеймас, 58. Симович, 60.
«Оқжетпес»: Әбжанов, Марочкин, Абдулин, Фрейдгеймас, Адырбеков, Хорват, Гогуа, Гошкодеря (Федин, 73), Досмағамбетов, Козлов (Шафф, 63), Бөлешев (к) (Юрин, 77).
Қосалқы құрам: Стаменкович, Матвеев, Куксин, Кейлер, Волков, Әбілғазы.
«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Воловик, Колчак, Шестаков (к) (Кәкімов, 90+2), Нейн Еоне, Валиуллин (Байтана, 89), Савич (Муарем, 88), Шимкович, Симович, Зенькович.
Қосалқы құрам: Сидельников, Обрадович, Айтбаев, Розыбакиев, Шурыгин, Жұмағали.
Төрешілер: Құмашев (Астана), Калачёв (Атырау), Филипчук (Шымкент).
26 тамыз. Щучье қон, «Жақсы» СК. 250 көрермен.