Вернуться к списку статей

"Ертістің" бас бапкері 30 мың долларлық жалақысынан неге бас тартты

Футбол
1K
Димитар Димитров
Болгар бапкері Димитар Димитров «Ертіспен» келісімшартты үзді. Ертең осыған байланысты Павлодарда команданың кешкі жаттығуы алдында баспасөз мәслихаты өтіп, жаттықтырушы футболшылармен қоштасады.

Жанкүйерлер арасында Херо деген атпен танылған Димитар Димитров «Ертіске» 2015 жылдың маусым айында келген. Сол жылы қаржылық қиындықтарға қарамастан павлодарлықтарды ел чемпионатында үздік алтылыққа шығарды. Ал 2016 жылы «Ертіске» Премьер-лиганың қола медалін алып беріп, Еуропа лигасының жолдамасын жеңіп алды. Оның еңбегі ескеріліп, Павлодар облысының құрметті азаматы атанды.

Биыл «Ертіс» 22 турдан кейін 9 жеңіс, 7 тең ойынға қол жеткізіп, 34 ұпаймен турнир кестесінде 4-орында келеді. Ал бас бапкердің клубпен келісімшарты осы маусымның соңына дейін болатын. Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, Димитровтың «Ертістегі» жалақысы айына 30 мың АҚШ долларын құраған көрінеді.

Жалпы Хероның Павлодардан кететіні жайлы айтылып жүргеніне бір аптадан асты. Алайда, сыбыс шыққан бетте-ақ «Менің «Ертіспен» келісімшартым аяқталған жоқ. Сондықтан, сырттай басқа клубтармен келіссөздер жүргізуім дұрыс болмас еді. Кетпеймін», - деп журналистерге сұхбат берген Димитров өзі туралы әлгі өсектердің барлығына нүкте қойғандай болған. Бірақ, бүгін «Ертістің» ресми сайты оның клубтан ресми түрде кеткенін растады.

Әзірге Димитровтың неліктен кеткені жайлы нақты ақпарат жоқ. Бұған клубтың қаржы тапшылығы да себеп болуы мүмкін. Өйткені, «Ертістің» маусымды маусымға әзер жалғап жүргеніне біраз жыл болды. Былтыр чемпионаттың соңына таман ойындарға тіпті резервтік құраммен де шығып жүрді. 

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейді, Павлодардан жетіп жатқан әңгімелерге сүйенсек, клуб басшылығы Димитровқа ақшаның аздығын, жаңа футболшылардың болмайтынын ашық айтыпты. Хероның осындай шешімге келіп отырғаны сондықтан көрінеді. Негізі, былтырғы маусымның соңында-ақ бапкер Павлодардан кеткісі келген. Тек соңғы сәтте ғана шешімін өзгерткен еді.

Енді Димитровтың келесі «аялдамасы» Болгария чемпионатындағы «Левски» немесе «Лудогорец» болуы әбден мүмкін. Бұл командалардың Хероға «құда түсіп» жүргендеріне біраз болды. Болгарияның БАҚ өкілдері Димитров дүйсенбі күні Разград қаласына келіп, «Лудогорецті» қолына алатынын жарыса жазып жатыр. Тіпті, Димитровты келісімшарты аяқталмай жатып, «Ертістен» кетуіне «Лудогорец» басшысы Кирил Досмусчиевтің өзі сөйлесіп берген екен-мыс. Дегенмен, «Лудогорец» Хероға «Ертістегідей» айына 30 мың доллардан төлей ала ма?

Айта кетейік, «Лудогорец» Болгария чемпионатында үш турдан кейін 7 ұпай жинап, турнир кестесінде 2-орында келеді. Үшінші іріктеу кезеңінде Израильдің «Хапоэль Б-Ш» командасынан ұтылып, Чемпиондар лигасынан ұшып кеткен. Енді Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде Литваның «Судувасымен» кездеседі. Ал «Левски» 3 ойыннан 4 ұпай жинап, Болгария чемпионатының 9-шы сатысында тұр. Софияның командасы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде-ақ македониялықтардан күйреген.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика