Твумасидің Түркияның «Бурсаспорына» ауысуы мүмкін екендігі жайлы жаздық. Тіпті, ол жақтан Қазақстанға арнайы екі агенттің де келгенін атап өтіп, құжаттарын тіркедік. Сондықтан, Твумасиге Түркия клубының қызығушылық танытуы жай ғана сыбыс емес, нақты ақпарат деуге болатындай.
Ал соңғы үш-төрт күнде ғаламтор бетін Кабананганың Англия клубтарына кетуі мүмкін екендігі жайлы ақпараттар басып кетті. Шырмауықтай өрілген бұл жаңалықтарды Қазақстанның да әр сайтынан кездестіріп жүрміз. Бәрі де ағылшын порталдарына сілтеме жасап жатыр. Дегенмен, саналы, көзі қарақты оқырманға мұның барлығы британдықтар тарапынан қолдан жасалып жатқан акция сияқты көрінеді екен. Өйткені, осыған дейін тыныш жатқан, Кабананга емес, Қазақстан жайлы да жақ ашпаған ағылшын басылымдарының Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Астана» мен «Селтиктің» кездесетіні белгілі болған соң бірден «өре түрегелгені» таңғалдырады. «Егер «Халл Сити», «Лидс», «Ноттингем Форрест» сынды клубтар шынымен де Кабанангаға қызығатын болса, баяғыдан бері қайда қалды?» деген заңды сұрақтың туындайтыны да рас. «Неге бұған дейін емес, «Селтикпен» кездесетіні белгілі болған соң осындай ақпараттар тарай бастады?» деп те ойлайсың.
Соған қарағанда британдық БАҚ мұндай өсектерді әдейі таратып жатқан секілді. Өйткені, өзіне Англия сынды алпауыт елдердің клубтары қызығып жатқанын естіген Қазақстан Премьер-лигасы сынды чемпионаттардың ойыншылары өзіне деген жауапкершілікті төмендедіп алуы мүмкін. Тіпті, «мені жіберіңдер, әйтпесе ойнамаймын» деп ойран салуы да ғажап емес. Бұл команда футболшыларының арасында алауыздық та тудырады. Мысал іздеп алысқа бармай-ақ қоялық, Патрик Твумасидің былтырғы және қазіргі қылықтарының өзі осының нағыз дәлелі.
Ал кеше ағылшынның hitc.com сайты Жуниор Кабананганың қандай жағдайда «Астанадан» кететіні туралы жазыпты. Олардың пайымдауынша, елордалық клуб конголық сұрмергенді командадан «Селтиктен» өтпей қалған жағдайда ғана жіберуі мүмкін екен. Бұл да арандатудың бір түрі. Осыны оқыған өзіне түсінікті тілде оқығаан Кабананга әлгі ақпаратқа құдайындай сеніп, «Селтикке» қарсы күш салмай ойнауы да ғажап емес қой. Әлбетте, Жуниордың санасы бұдан жоғары деп сенеміз. Керісінше «Селтикті» жеңіп, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан жағдайда ғана Кабананга үшін небір командалардың есіктері ашылатыны түсінікті. «Астанамен» 2019 жылдың желтоқсанына дейін келісімшартқа отырған «қара маржанымыз» мұны жақсы біледі деп ойлаймыз.