Бірінші лиганың 16-турынан кейін Талдықорғанның «Жетісу» футбол клубы басты бәсекелесі Алматының «Қайрат» академиясынан 13 ұпайға ұзап кетті.
Бұл жолы «Жетісу» Шымкентте жергілікті «Қыранды» 5:2 есебімен жеңді. Дегенмен, матчты қарқынды бастап, алғашқы 15 минутта-ақ 2:0 есебімен алға шыққан алаң иелерінде талдықорғандықтарды тоттататын керемет мүмкіндік болған. Бұған дейін осы біріншілікте бірде бір ойында жеңіліп көрмеген Огай шәкірттерін «Қыран» тоқтататын шығар деп ойлағанбыз. Алайда, шымкенттіктер екі голдан кейін босаңсып қалды. Әлде, «Жетісу» естерін жиып, бар күшін салды ма екен, әйтеуір бірінші тайм аяқталғанша қонақтар есепті теңестіріп қана қойған жоқ, Вячеслав Сердюковтің дублінен кейін 3:2 есебімен алға шықты. Ал екінші таймда Дмитрий Огай шәкірттері тізгінді бермеді. Кездесудің соңына қарай тағы екі гол соғып, қорытынды есепті 5:2-ге жеткізді. Осылайша, «Жетісу» осы маусымдағы 14 ойынның біреуінде ғана тең түсіп, турнир кестесіндегі қоржынына 40 ұпай салды.
Олардың басты бәсекелестері – «Қайрат А» мен «Қызыл-Жар». Осы турда алматылықтар ойнаған жоқ. Ал петропавлдықтар өз алаңында «Шахтер-Болатты» қабылдаған. Әр таймның басында бір-бір голдан соққан Владимир Фомичев шәкірттері 2:0 есебімен еш артық күш салмастан жеңіске жетті.
Қалған екі ойында есеп ашылмады. «Байқоңыр» өз алаңында «Мақтаарал» қақпасын қанша торуылдаса да Алмаз Хамытбековтің иелігінен саңылау таба алмай, амалдары құрыды. Ал Павлодардың Орталық стадионында 200 көрерменнің тамашалауымен өткен «Екібастұз» – «Каспий» кездесуінде екі команда да гол соғуға асықпады. Нәтижесінде ойын қақпасыз аяқталып, «Екібастұз» да, «Каспий» де өз қалаларына бір-бір ұпай алып тарқасты.
ҚАЗАҚСТАН БІРІНШІЛІГІ
16-тур
«Қыран» (Шымкент) – «Жетісу» (Талдықорған) 2:5 (2:3)
Голдар: Бөрібай 4 (1:0), Фоменков 14 (2:0), Сердюков 28 (2:1), Таңжарықов 41 (2:2), Сердюков 45+1 (2:3), Әділ 81 (2:4), Касьянов 85 (2:5).
Ескертулер: Шәмші 57.
Төрешілер: Сакен Байымбет (Тараз), Елеш Құсайынов (Астана), Рустам Сүйінов (Павлодар)
Шымкент қаласы, «Намыс» стадионы, 300 көрермен.
«Қызыл-Жар» – «Шахтер-Болат» (Қарағанды) 2:0 (1:0)
Голдар: Сұлтанов 5 (1:0), Ступич 48 (2:0).
Ескерту: Жолшорин 36
Төрешілер: Жандос Әбжан (Шыкент), Ардақ Дауанов, Руслан Жасыбай (екеуі де – Алматы)
Петропавл қаласы, «Қарасай» стадионы. 2500 көрермен.
«Байқоңыр» (Қызылорда) – «Мақтаарал» (Жетісай) 0:0 (0:0)
Ескертулер: Ілімов 42, Балымбетов 66, Чулагов 67, Серік 82, Рүстемов 87
Төрешілер: Алексей Булучевский, Иван Навроцкий (екеуі де – Астана), Темірбек Ысқақов (Орал)
Қызылорда қаласы, Мұратбаев стадионының қосалқы алаңы, 480 көрермен.
«Екібастұз» – «Каспий» (Ақтау) 0:0 (0:0)
Ескертулер: Қуанышев 38, Мыңбаев 39, Ешенқұл 41, Бегалин 90+2
Төрешілер: Алмаз Ахметов, Алексей Шабанов, Сергей Васютин (бәрі де – Алматы)
Павлодар қаласы, Орталық стадион. 200 көрермен.