Вернуться к списку статей

Футбол: Қазақстан – Польша текетіресінде кім үздік?

Футбол
1K
Кеше түнде УЕФА Чемпиондар лигасының 2017/18 жылғы маусымының үшінші іріктеу кезеңінде «Астана» Варшавада жергілікті «Легиямен» кездесті.

Қарымта ойында 0:1 есебімен ұтылса да, елордалық команда келесі раундқа өтті. Бірінші матчта жерлестеріміз 3:1 есебімен қарсыластан басым түскен болатын.

Осы орайда Қазақстан мен Польша құрмалары мен командалары арасындағы статистикаға көз жүгіртіп көрсек.

Қазақстан 2002 жылы УЕФА-ға мүше болды. Осы 15 жылдың ішінде Шығыс Еуропадағы Польша елімен жолымыз бірнеше түйісті.

Ұлттық құрама алғаш рет 2003 жылжың 6 маусымында Познань қаласында жолдастық кездесу өткізді. Ол кезде алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл матчта Вихнярек, Давидовски, Кжыновек мергендік танытты.

Қазақстан сапынан алаңға Новиков, Самченко, Абдулин, Солошенко, Мусин, Балтиев, Ловчев, Артемов (Нұрдәулетов, 78), Котов (Мұқанов, 71), Лунев (Финонченко, 59), Тарасов шықты. Бас бапкер ресейлік Леонид Пахомов болатын.

Одан кейін араға 3 жыл салып, ЕУРО-2008 турнирінің іріктеу кезіңде жолымыз түйісті. Алматыда Смолярек соққан жалғыз голдың арқасында қонақтар үш ұпай иеленіп кетті. Ал Варшавада Смолярек хет-рик жасады. Оған Дмитрий Бяков бір доппен ғана жауап қайтара алды. Осы іріктеуде Қазақстан құрамасының тісі батпаған құрамаларының бірі осы Польша болды. Әйтпесе, сол кездегі Қазақстан бас бапкері Арно Пайперс біраз алпауыттарың ұпайын тартып алған еді.

Өткен жылы қыркүйекте жерлестеріміз алғаш рет Польшамен тең ойнады. Бірінші таймнан кейін 0:2 ұтылып жатып, Хижинченко дубль жасап, бір ұпай иелендік. Енді 4 қыркүйекте Варшавада тағы жолығамыз.

Енді еурокубоктағы екі елдің командаларының текетіресіне тоқталсақ.

Қостанайдың «Тобыл» клубы 2003 жылы Интертото кубогында осы елдің «Полония» командасымен кездескен. «Тобыл» өз алаңында жеңіліп жатып, 2:1 есебімен алға шығады. Варшавада Мәзбаев пен Шкуриннің арқасында оп-оңай 3:0 есебімен қапы қалдырды.

«Тобыл» 2007 жылы УЕФА кубогында Гроцлин қаласының «Дискоболия» командасынан айласын асыра алмады. Екі ойында да польшалықтар жеңіске жетті.

2010/11 жылғы Еуропа алғашқы іріктеу кезеңінде Қарағандының «Шахтері Хожувтың «Рух» клубынан өте алмады (1:2, 0:1).

Керекудің «Ертіс» клубы 2011/12 жылғы Еуропа лигасының електік додасында Белосток қаласында «Ягеллониядан» 1 доп айырмашылығымен жеңілгенімен, Павлодарда есесін қайтарады.

Бес дүркін Қазақстан чемпионы «Ақтөбе» Еуропа лигасының 2014/15 жылғы маусымында іріктеу кезеңнің плей-офф сатысында «Легиямен» жолығып, екі ойында да шамасы жетпеді.

Ал биыл сол «Легиядан» Стойлов жаттықтыратын «Астана» өтіп кетті.

Сонымен қорытындылайтын болсақ, ұлттық құрамамыз бұған дейін 4 рет кездесіп, соның үшеуінде жеңілген, бір ойын тең аяқталды.

Еурокубокта есеп – 3:3. «Тобыл», «Ертіс», «Астана» бір реттен Польша клубтарын ұтып, келесі кезеңге шықты.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика