Вернуться к списку статей

«Ақжайық» пен «Ақтөбе» Жайық жағасында тең түсті

Футбол
2K
«Ақжайық» – «Ақтөбе» – 2:2. Фото: fc-aktobe.kz
ХV турдың кейінге шегерілген ойыны, яғни «Ақжайық» – «Ақтөбе» кездесуі Оралда өтіп, тең аяқталды.

Бұл ойын шектен тыс тартысты өтті. Осы кездесуге дейін еліміздің батыс өңірінің екі командасы көш соңында тұрған болатын. Яғни екеуіне де ұпай керек. «Ақжайықтың» да, «Ақтөбенің» де ойыншылары аянған жоқ. Жанкештілік танытып, табан тіресе “шайқасты”.

Бұл ойында қаншама қауіпті де, қарбалас сәттер болды. Бірақ оның бәрінде де теңбіл доп қақпа ішіне тулаған жоқ. Көбісі ойыншылар мен жанкүйерлердің өзектерін өртеп, сәтсіз аяқталды. Есепке алынбаған гол да болды, қақпа белтемірін солқ еткізген соққы да болды. Төреші алаңдағы ойыншылардың үштен біріне ескерту жасады.

Ал голдар қалай соғылды десеңізші?! Бір-бірінен өтеді. Шимкович айып соққысын орындап, допты қақпа тоғыздығына шиіре теуіп түсірді. Ерсәлімов теңбіл допты әуелете иіп, қақпа ішіне парашюттей қондырды. Нейн Еоне алыстан шірене тартты. Ал Говедарица соңғы секундта қонақтардың қорғанысын тесіп, өтіп таразы басын теңестірді.

Өкініштісі, екі команданың да қақпашылары қателескен сәттер аз болған жоқ сияқты. Оны өздері немесе бас бапкерелрі саралап шығар. Бірақ екі команданың да қосалқы құрам орындығында өз кезектерін тосып, әлеуеттері зор қақпашылар отырғандығы қынжылтады.

Сонымен ешкімді де бейтарап қалдырмас тартысты ойын тең аяқталды. «Ақтөбе» үш ұпай уысымызда деп, төрешінің ысқырығын тосып жүргенде, «Ақжайықтың» жанкешті легионері оларды сан соқтырып кетті. Сөйтіп, әрқайсысы бір ұпайдан еншіледі.        

«Ақжайық» – «Ақтөбе» – 2:2 (0:1)

Голдар: Шимкович, 24 (0:1). Ерсәлімов, 50 (1:1). Нейн Еоне, 80 (1:2). Говедарица, 90+5 (2:2).

Ескертулер: Перцух, 57. Сапанов, 73. Шестаков, 73. Зенькович, 77. Шмидт, 83. Николич, 90. Обрадович, 90.

«Ақжайық»: Төлебаев, Ерсәлімов, Сапанов (к), Николич, Шмидт, Шабаев (Зұлпықаров, 87), Говедарица, Антипов (Тапалов, 67), Перцух, Коронель (Аренас, 60), Дудченко.

Қосалқы құрам: Котляр, Сапарбекұлы, Аяғанов, Болатов.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Фог-Поррье (Муарем, 56), Воловик, Айтбаев (Жұмағали, 51), Колчак, Шестаков, Нейн Еоне, Обрадович, Валиуллин, Шимкович (Шурыгин, 90+4), Зенькович.

Қосалқы құрам: Отарбаев, Савич, Сәулет, Кәкімов, Жүнісов.

Төрешілер: Рахымбаев (Алматы), Ходин (Атырау), Гусев (Көкшетау).

26 шілде. Орал, П.Атоян атындағы стадион. 2000 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика