«Оқжетпес» ойынды өте ширақ бастады. Әсіресе, оң қапталдағы Максим Федин зыр қағып, қонақтардың қорғаушыларына тыным бермеді. Алаң иелерінің шабуылдарының көбісі осы ойыншы арқылы өрбіді. Алайда гол соғудың сәті түспеді.
Қонақтар өте мұқият болуға тырысты. Өздері де қарап қалған жоқ. Қарсы шабуылдарымен доп додасын қыздыра түсті. Бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосыша минут басталғанда «Тараз» гол соғып, алаң иелерін сең соққандай күйге түсрді.
Андрей Горбанец сол қапталдан допты әуелете асырып, қақпа алдындағы Малик Манеге бере қойды. Сенегал шабуылшысы салмағы артып, спорттық бабына әлі келе қоймаса да, мұндай оңтайлы мүмкіндікті мүлт жіберсін бе?! Қақпаны дәл көздеуді біледі. Допты қақпаға тура теуіп, есеп ашты.
Екінші таймда алаң иелері тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Өзімен деңгейлес «Таразды» өз алаңында жеңе алмаса, қай клубты жеңеді? Қарқынын үдетті, шабуылды жиілетті. Алайда қонақтар сауатты қорғана білді. Оның үстіне Федин жарақат алып қалып, орнын басқа ойыншыға босатты.
Сөйтіп, «Оқжетпес» үшінші рет қатарынан ұтылды. Әрі осы үш ойында бірде-бір гол соға алмады. Жалпы, Көкше клубы соңғы бес ойында бір-ақ гол соқты. Ойлану керек сияқты.
Ал «Тараз» енді тек түзде жеңіске жетуге кіріскендей. ХVІІ турдан бері түзде үш ойын өткізіп, екеуінде жеңіске жетіп, бір рет тең түсті. Ал өз алаңындағы соңғы екі ойында ел чемпионынан ғана ұтылды. Өткен турда тең түсті. Кейінгі үш турдан жеті ұпай олжалады. Тамаша көрсеткіш!
«Оқжетпес» – «Тараз» – 0:1 (0:1)
Гол: Мане, 45+1.
Ескертулер: Досмағамбетов, 30. Адырбеков, 38.
«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Адырбеков, Марочкин, Фрейдгеймас, Абдулин, Федин (Козлов, 51), Хорват (Огунжими, 79), Гогуа, Досмағамбетов (Бөлешев, 69), Гошкодеря, Шафф.
Қосалқы құрам: Әбжанов, Матвеев, Куксин, Юрин, Дайыров, Волков.
«Тараз»: Логиновский, Әмірханов (к), Шадманов, Шипицин, Воротников, Горбанец, Диара, Фещук, Қожамберді, Морис (Сейідахмет, 90+3), Мане (Миюшкович, 75).
Қосалқы құрам: Зайнутдинов, Молтусинов, Нұралы, Хайруллин, Горячий.
Төрешілер: Бобров (Қарағанды), Лабашов (Атырау), Будниченко (Екібастұз).
22 шілде. Щучье, «Жаксы» СК. 500 көрермен.