Вернуться к списку статей

«Ертіс» өз алаңында «Тобылға» есе жіберіп алды

Футбол
1K
«Ертіс» – «Тобыл» – 0:1. Фото: fctobol.kz
Бес күнге созылған ХІХ тур бүгін ерке Ертіс жағасында тәмамдалды. Павлодар клубы өз алаңында өкшесін басқан «Тобылдан» ұтылып қалды.

Еуропа лигасындағы қарымта кездесуін Болгарияда өткізіп келген «Ертіс» тынығып үлгермеген сияқты. Бүгін тіпті негізгі құрамдағы екі ойыншысы алаңға шықпады. Стефан Живкович ел чемпионатында алған ескертулеріне байланысты ойнай алмаса, Давид Лория жаттығу жұмысы кезінде жарақат алып қалыпты.

Павлодар жанкүйерлерінің өкініштеріне қарай, «Ертістің» бүгін алаңға шыққан қақпашысы сенімді ақтай алмады. Екі рет қақпаға кіріп бара жатқан допты қорғаушылары алып шықты. Бірінші таймда Александр Кислицын, ал екінші таймда Милош Стаменкович қырағылық танытып, ширақ қимылдады.

Алайда 82-минутта алаң иелерінің қорғаушылары да, қақпашысы да қателесті. «Тобылдың» оң қапталдағы қорғаушысы Жақыпов допты әуелете ортаға қарай асырып, оны Ллуллаку басымен қақпаға бағыттаған. Доп қорғаушыларына көмекке келген Фонсеканың аяғына тиіп, қақпа ішіне енді де кетті. Аса пәрменді соққы емес еді, бірақ қақпашы да үлгермеді...

Өздеріңіз білесіздер, жақында ғана «Тобылдың» бас бапкері ауысқан. Сондықтан Қостанай клубы ойыншыларының бүгінгі құлшыныстары ерекше болды. Ол түсінікті, бәріне де өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін жаңа жаттықтырушыларына көрсете білу қажет...

Ойын соңында жасыл алаңға «Тобылдың» бойтұмарына айналған Нұрбол Жұмасқалиев шықты. Бір қызығы, ол осыдан 11 күн бұрын ғана «Ертістің» намысын қорғап, Еуропа лигасында «Дунав» клубына қарсы аз уақыт болсын ойнаған-ды.

«Ертіс» – «Тобыл» – 0:1 (0:0)

Гол: Фонсека, 82-автогол.

Ескертулер: Калинин, 4. Гетериев, 14. Кислицын, 39. Шабалин, 66. Сартаков, 70.

«Ертіс»: Калмыков, Кислицын, Маслач, Стаменкович, Родриго, Гетериев (к), Дарабаев (Шабалин, 56), Калинин, Фонсека, Фофана, Бугаев.

Қосалқы құрам: Лория, Қапанов, Попов, Түлиев, Алиев, Есімов, Дәуітов, Смайылов.

«Тобыл»: Непогодов, Жақыпов, Жулпа, Кассай, Сартаков, Мухутдинов (к), Квеквескири, Вух (Жарынбетов, 85), Ллуллаку (Жұмасқалиев, 90), Молдақараев (Джалилов, 69), Щеткин.

Қосалқы құрам: Бұсұрманов, Шұбаев, Жалмұқан, Гурман, Левин.

Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Лабашов, Калачев (екеуі де – Атырау).

10 шілде. Павлодар, «Орталық» стадион. 4000 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика