2016 жылдың аяғында Таңат Нөсербаев «Астана» клубынан кеткен. Елорда клубымен арадағы келісімшартының мерзімі әлі аяқталмаса да, оның кету себебі “футболшы отбасымен бірге оңтүстікке қарай ойысқысы келеді” деп түсіндірілген. Ел чемпионы Таңатты еркін агент ретінде босатқан.
29 жастағы шабуылшы туған жеріне, өзі түлеп ұшқан клубына қайтып барыпты. Бүгін «Ордабасы» клубы Нөсербаевпен келісімшартқа отырғандығын ресми түрде жариялады.
Жалпы, Нөсербаев «Ордабасы» клубы сапында 2006-2010 жылдары ойнаған. 79 ойын өткізіп, 13 гол соққан. Ал «Астана» сапында 2011-2016 жылдары өнер көрсетіп, 195 матч өткізіп, 54 голдың авторы атанған. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 25 кездесуде ел намысын қорғап, 2 доп соқты.