Вернуться к списку статей

“Шахтер” және “Ақтөбе” – жеңіс келер дөңгелеп алма-кезек

Футбол
2K
«Шахтер» – «Ақтөбе» – 0:2 (0:2). Фото: fc-aktobe.kz
Екі ойыны сонау сәуір айының 4-інде өткен, тым ұзаққа созылған ХVІІІ тур бүгін Қарағандыдағы кездесумен тәмамдалды.

Осыдан төрт күн бұрын ғана Қазақстан премьер-лигасында VІІІ турдың кейінгі шегерілген екі ойынының бірі өтіп, «Шахтер» түзде «Ақтөбені» тізерлеткен болатын. Бүгін екеуі ХVІІІ тур аясында қайта кездесті. Бұл жолы – Қарағандыда.

«Дүние – кезек» дегендей, бұл жолы «Ақтөбе» түзде жеңіске жетіп, алаң иелерінен осыдан төрт күн бұрынғы есесін қайтарды. Бірінші таймда екі гол соғып алды да, қорғаныста сауатты ойнап, жеңісті есепті уысынан шығарған жоқ.

Рас, «Шахтер» де екі гол соққан. Бірақ біріншісін төреші «ойын ережесі бұзылды» деп, есепке алмаса, екіншісі офсайдтан соғылғандай. Кеншілер клубы қонақтарын қыспаққа алып, таразы басын теңестіруге тырысқандармен, гол соға алмай, пұшайман болды.

Айтпақшы, осы төрт күннің ішінде «Ақтөбе» құрамын нығайтып алды. «Тобылдан» Душан Савич, ал «Ақжайықтан» Руслан Валиуллин келді. Әрі кейбір ойыншылары жарақаттарынан айығып, қатарға қосылды. Команда сапындағы ойыншылары бір-бірімен енді түсінісе бастағандай... Әрине, тактикалық ойын өрнектері де біршімі өзгерген.

Сонымен, 17 мамырдан кейін бес рет қатарынан жеңілген «Ақтөбе» бүгін жеңіске жетті. Бірақ әлі – соңғы орында. «Шахтер» бүгін жеңіске жеткенде, «Қайсарды» ығыстырып, 6-орынға көтерілер еді. Бірақ өз алаңында ұтылып, 7-орында қалды...

«Шахтер» – «Ақтөбе» – 0:2 (0:2)

Голдар: Зенькович, 24-пенальтиден. Зенькович, 28.

Ескертулер: Станоевич, 13. Шестаков, 44. Айегбуси, 51. Дмитренко, 54. Сәулет, 64.

«Шахтёр»: Шацкий, Габышев, Тарасов (к), Дмитренко, Айегбуси, Сзоке, Скорых  (Тәттібаев, 52), Стоянович, Зошак (Өміртаев, 86), Станоевич (Шахметов, 63), Хижниченко.

Қосалқы құрам: Багинский, Васильев, Пикалкин, Ермеков, Күлбеков, Әлімбаев.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Қайыров, Жұмағали, Айтбаев, Барбоса, Жүнісов (Байтана, 16),  Шестаков, Сәулет (Аслан, 88), Валиуллин (Кәкімов, 82), Савич, Зенькович.

Қосалқы құрам: Отарбаев, Альмейда, Нейн Еоне, Бойчук, Шурыгин.

Төрешілер: Искаков, Әубәкіров (екеуі де – Астана), Васютин (Алматы).

2 шілде. Қарағанды, «Шахтер» стадионы. 3000 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика