Вернуться к списку статей

Сүйінші! Тарихи жеңіс – Тұңғыш рет Гранаткин мемориалының финалына шықтық

Футбол
5K
Қазақстан жеткіншектері Гранаткин турнирінің финалында! Фото: granatkin.com
Қазақстан жасөспірімдері ХХІХ "Гранаткин мемориалы" халықаралық турнирінің финалына шықты. Жартылай финалда Грекия U-19 құрамасын 2:1 есебімен тізерлетті.

Жеткіншектеріміз жігерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, бір сағаттай кем құрамда ойнаса да, азулы Грекия құрамасын жеңді. Ойын шектен тыс шиеленісті өтіп, екі құраманың ойыншылары да әбден титықтады.

Александр Кузнецовтің шәкірттері тағы да қорғаныста бекініс құрып алып, қарсы шабуылдарымен “тазы” болып шалуға тырысты. Ойынның 17-минутында осындай шабуылымыздан нәтиже шықты.

Гректердің айып алаңына баса көктеп кіріп, бір-екі ойыншысын алдап өткен Еркебұлан Сейідахметті 2014 жылғы Еуропа чемпионы Иоаннис Гумастың шәкірттері ережеге жат әдіспен тоқтатты. Жолын бөгеп, жасанды желекке құлатты.

Төреші 11-метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады. Ал құрама капитаны Айдос Орал мүлт кеткен жоқ. Пенальтиді асқан шеберлікпен орындап, есеп ашты. Гректердің бастары салбырап кетті... 

Өкінішке қарай, ойынның 42-минутында Жанәлі Пайруз екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Ал Грекия өрендері шабуылды үдетті. Біздің жігіттер аспай-саспай ойнап, олардың соққы бағыттауларына мүмкіндік бермей, қорғана білді.

Екінші тайм басталған бетте гректер тағы қапы қалды. Біздің жігіттерді тек қорғанысқа көңіл бөледі деп ойлап қалды ма, самарқау қимылдап, тағы да Еркебұлан Сейідахметтен көз жазып қалды.

Еркебұлан гректердің айып алаңына кіріп, допты Айдос Оралға қарай ысыра салды. Капитан тағы да өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Теңбіл допты қақпа торында тулатты. Гол! 2:0!

Бұдан кейін гректер қамшыны басты. Атойлап алға шапты. Тіпті үш ойыншысын алмастырып, тың күшпен шабуылдай бастады. Олардың бұл қарекеттері нәтижесіз болған жоқ. Георгиос Тзоварес есепті қысқартты. Ал уақыт әлі жетерлік...

Грекия жеткіншектері тізгіндерін тартар емес, тыным таппай шабуылдаумен болды. Қарқындарын үдете түсті. Бірақ біздің қорғаушылар мен қақпашымыз бұдан кейін қателік жіберген жоқ. Тізе қоса қимылдап, жанкештілік танытты.

Бірлі-екілі рет, Грекия қорғаушылары асығып-үсігіп, өрескел қателіктер жіберіп алды да, біздің футболшылардың гол соғатын тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ титықтап қалған ойыншыларымызға қарсыластарын “нокаутқа” түсірудің сәті келмеді...

Сонымен біздің бозбалаларымыз тұңғыш рет финалға шықты. Әйтеуір бір жүлде – алақанда. Алтын ба, күміс пе, оны 21 қаңтар күні білетін боламыз. Қарсыласымыз біраздан кейін анықталады. Қазір Нева жағалауында екінші жартылай финалдық ойын басталып, Ресей және Санкт-Петербург құрамалары додаға түсіп жатыр...

Қазақстан U-19 – Грекия U-19 – 2:1

Голдар: Орал, 18-пенальтиден (1:0). Орал, 49 (2:0). Тзоварас, 58 (2:1).

Ескерту: Пайруз, 21. Аманжол, 36. Пайруз, 42 – Петракис, 17.

42-минутта Пайруз алаңнан қуылды.

Қазақстан U-19: Устименко, Аманжол, Батырханов, Кузнецов, Күсепов, Жақсылық (Скворцов, 69), Кан (Астанов, 69), Орал, Пайруз, Сүйінов (Тұрсынбай, 90), Сейідахмет.

Грекия U-19: Тзифтзис, Бусис (Катзистравос, 55), Манолакис (Папазоглу, 46), Ндалакурас (Нукарис, 55), Пападогиоргакис, Петракис (Тампас, 40) , Тсингос (Димитрулас, 55), Хатзидибас, Кампетзыс, Костанасиос (Анастопулос, 75), Тзоварас.

Төрешілер: Юданов,Захаров, Иванов, Чебан (бәрі де – Ресей)

18 қаңтар 2017 жыл, Санкт-Петербург, 300 жанкүйер

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика