«Атырау» мен «Шахтер» төрт аптаның ішінде үш рет кездесті. Бұған дейін екі рет Теміртауда додаға түсті. Әуелі ел кубогының жартылай финалы аясындағы бірінші кездесулері өтіп, онда кеншілер клубы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ал өткен сенбіде Қазақстан чемпионатының ХVІ туры шеңберінде жолдары түйісіп, орталыққазақстандықтар 2:0 есебімен басым түсті.
Бүгін «Атырау» өз алаңында осы екі жеңілісінің есесін қайтарды. Есеп – 3:0. Теміртаудағы екі матчта гол соға алмай, пұшайман болған “мұнайшылар” бүгін үш доп соқты. Бірақ «Шахтердің» жанкүйерлері төрешілерге наразы сияқты...
Олар бірінші гол соғылғанда, пенальтидің болғанына күмән келтіреді... Оны ҚФФ Төрешілер департаментінің директоры саралап, бірер күнде бағасын бере жатар. Ал бұл ойында «Атырау» мақсатына жетіп, финалға шықты. «Шахтер» болса, Жайық жағасында тауы шағылып, жеңіліске ұшырады.
Негізі, кеншілер клубы бұл ойынды өте дұрыс бастады. Бірінші ойында 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Шахтер» Атырауда бар күш-жігерін қорғанысқа жұмылдырды. Бекінісін күшейтіп, қарсы шабуылдар ұйымдастырып отыруға тырысты. Бірақ алаң иелерінің шабуылдарына бір тайм ғана төтеп берді...
«Шахтердің» бас бапкері міндетін әлі атқарып жүрген Андрей Финонченко екінші таймның басында қорғаушыларын ауыстыра бастады. Әуелі Сергей Скорыхты, одан кейін Олукореде Айегбусиді алмастырып тастады. Әу баста неге екенін түсінбей, дал бодық...
Матчта кейінгі баспасөз мәжілісінде Андрей Финонченко аталған екі қорғаушысының жарақат алып қалып, оларды ауыстыруға мәжбүр болғандығын мәлімдеді. Осылай екінші таймда «Шахтер» өз қақпасына үш гол жіберіп алды.
«Атырау» мен тәжірибелі бас бапкері осылай айлаларын асырып, финалға шықты. Жартылай финалдағы екі матчтың да жалпы есебі 3:1 есебімен аяқталды. Бас бәйгені қоңыр күзде Алматы мен Атыраудың футболшылары сарапқа салатын болды.
«Атырау» – «Шахтёр – 3:0 (0:0)
Голдар: Максимович, 47-пенальтиден. Двалишвили, 68. Нұрыбеков, 90.
Ескертулер: Сзоке, 47. Шахметов, 59. Двалишвили, 71. Абдрахманов, 72. Саломов, 81. Мәжитов, 84.
«Атырау»: Нарзикулов, Мәжитов, Джокич, Аблитаров, Обшивач, Максимович, Сергиенко (Саломов, 66), Абдрахманов (Қалмұратов, 72), Сүлей (Нұрыбеков, 57), Хайруллин (к), Двалишвили.
Қосалқы құрам: Пасеченко, Сикимич, Жагоров, Коробов, Маров, Сапаров.
«Шахтёр»: Шацкий, Айегбуси (Пикалкин, 51), Скорых (Әлімбаев, 46), Тарасов (к), Габышев, Сзоке, Станоевич, Стоянович, Зошак, Шахметов (Тәттібаев, 72), Тәжімбетов.
Қосалқы құрам: Багинский, Өміртаев, Васильев, Ермеков.
Төрешілер: Алиев (Алматы), Тихонюк (Ақтөбе), Васютин (Алматы).
21 маусым. Атырау, «Мұнайшы» стадионы. 4500 көрермен.
Бірінші ойын – 0:1