Вернуться к списку статей

“Қайрат” “Ордабасыны” жеңіп, ел кубогының финалына шықты

Футбол
1K
«Қайрат» – «Ордабасы» – 3:1. Фото: fckairat.com
Бүгін Қазақстан кубогының жартылай финалындағы қарымта матчтар өтіп, «Қайрат» өз алаңында «Ордабасы» клубын тізе бүктірді.

Бірінші ойын осыдан төрт апта бұрын Шымкентте өтіп, «Ордабасы» мен «Қайрат» тең түскен болатын. Есеп 0:0 есебімен аяқталғандықтан, оңтүстікқазақстандықтар финалға шығудан үміттерін үзбеген-ді. Себебі кез келген нәтижелі есеппен тең түссе, финалда бақ сынау құқығына қол жеткізер еді.

Бірақ «Қайрат» қонақтарына еш мүмкіндік бермеді. Бірінші таймда-ақ үш гол соғып, ойын тағдырын шешті деуге болады. Екі голды Исламхан мен Аршавин алыстан соқты. Біреуін қарсы шабуыл ұйымдастырып, қақпашыны екі ойыншы ортаға алып, қапы қалдырды. Авторы – Жерар Гоу.

Бүгін «Ордабасы» клубының қорғаушылары баяу қимылдады ма, әлде «Қайраттың» алғы шептегі ойыншыларының жылдамдықтары жоғары болды ма, белгісіз... Әйтеуір алаң иелері қонақтарынан асып түсіп, ширақ көрінді. Төрт күнде екі ойын өткізу «Ордабасы» клубына оңай тимеген сияқты. Күн болса – ыстық...

Екінші таймда қонақтар есепті қысқартуға тырысты. Бірақ қарқындары аса жоғары болмады. «Қайраттың» қорғаушылары бәріне үлгеріп отырды. Есесіне, алаң иелерінің қарсы шабуылдары қауіпті болды. Бірақ Алмат Бекбаев түгелдей тойтарды. Ойынның екінші жартысында мүлде қателескен жоқ.

Ойынның аяғына қарай қонақтардың орталық қорғаушысы Темірлан Ерланов екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Әйтсе де, матч соңында «Ордабасы» клубына бір гол соғып, есепті қысқартудың сәті түсті. Бірақ бұл допты олар пенальтиден соқты. Былтыр ғана «Қайраттың» сапында ойнаған В.Ли 11-метрлік айып соққысын мүлтіксіз орындады.  

Сөйтіп, финалға «Қайрат» шықты. Бірақ үш күннен кейін екеуі қайта кездеседі. Бұл жолы Қазақстан чемпионаты аясында Шымкентте додаға түседі. «Ордабасы» есе қайтаруға тырысатын шығар...

«Қайрат» – «Ордабасы» – 3:1

Голдар: Исламхан, 23 (1:0). Аршавин, 30 (2:0). Гоу, 37 (3:0). Ли, 90+2-пенальтиден.

Ескертулер: Ерланов, 50. Диакате, 80. Фонтанелло, 85.

Алаңнан қуылды: Ерланов, 84 (екінші ескерту)

«Қайрат»: Покатилов, Вороговский, Арзо Ампоста, Элек, Сүйімбаев, Бакаев, Жуков, Исаэль (Тұрысбек, 60), Аршавин (Иличевич, 54), Исламхан (к) (Балтабаев, 81), Гоу.

Қосалқы құрам: Плотников, Анене Чума, Рудосельский.

«Ордабасы»: Бекбаев, Симчевич, Фонтанелло, Ерланов, Бочаров, Төлебек, Диакате, Ковальчук, Нұрғалиев (к) (Жұмаханов, 74), Тұңғышбаев (Йорданов, 65), Нөсербаев (Ли, 46).

Қосалқы құрам: Нұрмұхаметов, Гейнрих, Адырбеков, Әшірбеков, Бейсенов, Мұхтаров.

Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Виноградов, Байжанов (екеуі де – Петропавл)

21 маусым. Алматы, «Орталық» стадион. 6 800 көрермен.

Бірінші ойын – 0:0

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика