Үш тур болды, «Қайсар» жеңіс дегенді ұмытты. Бір рет тең түсіп, екі ойында жеңілістің кермек дәмін татты. Әрі өз алаңында екінші рет қатарынан ұтылып отыр. «Қайратпен» ойнағанда, төреші қателесіп, пенальти берсе, бүгін өздері есе жіберіп алды.
Жалғыз голды «Ордабасының» орталық қорғаушысы Пабло Фонтанелло басымен соқты. Ал «Қайсардың» бойы сырықтай (194 см) тасқамал қорғаушысы Иван Граф бұл ойында алаңға шыға алмады. Себебі өткен турда төртінші рет ескерту алған...
Осы Графтың жоқтығынан ба, белгісіз... әйтеуір, «Ордабасы» бүгін «Қайсардың» қорғанысын бірнеше рет, олай да, бұлай да бұзып өтті. Қақпашы Александр Григоренко болмағанда, қонақтар тағы бір-екі гол соғар да ма еді?..
«Ордабасы» болса, Сыр елінен үш ұпай олжалап, көшбасшыларға жақындай түсті. Бұл – оңтүстікқазақстандықтардың Қазақстан премьер-лигасының биылғы маусымындағы 11-жеңісі. Бұл тұрғыда, азулы «Астананың» өзімен теңесіп отыр. Ал «Қайраттың» еншісінде – 10 жеңіс.
Айтпақшы, Шымкент клубы енді «Қайратпен» екі рет кездеседі. Төрт күннің ішінде екі мәрте додаға түседі. Әуелі Қазақстан кубогының жартылай финалындағы қарымта кездесуін өткізеді. Бұл ойын сәрсенбі (21 маусым) күні Алматыда өтеді.
Ал келесі сенбіде (24 маусым) алматылықтарды өз алаңында қабылдайды. Бұл – ХVІІ турдың ойыны. Егер осы ойында оңтүстікқазақстандықтар жеңіске жетсе, Алматы клубын төмен ығыстырып, жоғары өрлейді... Әрі «Ордабасы» мен «Қайрат» арасындағы “екі раундтық шайқас” жаздың апта ыстығына дөп келіп тұр...
«Қайсар» – «Ордабасы» – 0:1 (0:0)
Гол: Фонтанелло, 58.
Ескертулер: Камара, 34. Евстигнеев, 37. Ковальчук, 45+1. Мулдаров, 68. Ламанж, 90. Нарзілдаев, 90+3.
«Қайсар»: Григоренко, Жақаев, Ламанж, Мулдаров, Евстигнеев, Коробкин (Николич, 79), Камара, Аржанов, Курьор, Байжанов (к) (Нарзілдаев, 56), Нтибазонкиза (Алтынбеков, 32).
Қосалқы құрам: Исламқұлов, Әмірсейітов, Горячий, Көкеев, Сақалбаев, Чуреев
«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек, Ерланов, Фонтанелло, Смақов, Симчевич, Диакате, Ковальчук, Нұрғалиев (к) (Жұмаханов, 90+2), Тұңғышбаев (Бочаров, 66), Нөсербаев (Йорданов, 85).
Қосалқы құрам: Нұрмұхаметов, Гейнрих, Әшірбеков, Бейсенов, Мұхтаров, Қожабаев
Төрешілер: Рақымбаев (Алматы), Шәріпов (Атырау), Навроцкий (Астана)
17 маусым. Қызылорда, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион (қосалқы алаң). 1 600 көрермен.