Вернуться к списку статей

Былтырдан бері “Ақтөбе” – әлі өзгеріс үстінде

Футбол
2K
«Ақтөбе» футбол клубында биыл да ауыс-түйіс көп. Былтырғы маусымның басында толықтай дерлік жаңадан жасақталған команда биыл қайтадан өзгеріске ұшырады.

Өткен маусымда команданы ұжмаққа жеткізбекші болған Ресей маманы, клубтың Бас директоры Дмитрий Васильев қараша айының басында құрықталып, істі болды. Былтырғы бас бапкері Юрий Уткульбаев келген ізімен өз еліне кетіп қалды. Футболшыланың да көбісі бытырап, жан-жаққа тарап кетті.

Әуелі командаға бас бапкер тағайындалды. Команда тізгіні Украина маманы Игорь Рахаевқа сеніп тапсырылды. Бұл жаттықтырушының еңбек жолына үңіліп қарасаңыз, біраз жыл өз еліндегі білікті бапкерлердің бірі Мирон Маркевичтің жанында жүріп ысылғанын, тәжірибесін толықтыра түскенін байқауға болады...

«Ақтөбе» енді Бас директорын ресми түрде бекітті. Лауазымды қызметке соңы айлары клуб басшысының міндетін атқарушы болып жүрген Мақсат Тұмалиев тағайындалды.

Ал футболшылары сапында өзгеріс тым көп деуге болады. Самат Отарбаев пен Кирилл Шестаковтің еңбек келісімдері ұзартылған. Дамир Дәуітов пен Рахимжан Розыбакиев те жаңадан келісімшартқа отырды. Жаңа жылдан кейін құрамын қақпашы Андрей Сидельниковпен толықтырды.

Легионерлеріне тоқталар болсақ, әлі “бос” орындар көп. Әзірше серб Вук Митошевич пен аргентиналық Хуан Мануэль Торрес қана өздерінің «Ақтөбенің» намысын қорғауға лайық екендерін дәлелдеп жүр.

Жалпы, «Ақтөбе» Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиынына мына құрамда аттанды:

қақпашылар – Самат Отарбаев, Мұхамбет Тамабай, Игорь Трофимец, Андрей Сидельников;

алаңдағы ойыншылар Бағдат Қайыров, Асланбек Кәкімов, Дамир Дәуітов, Рахимжан Розыбакиев, Берік Айтбаев, Бауыржан Байтана, Рафкат Аслан, Әбілхан Әбдікәрімов, Ардақ Сәулет, Саят Жұмағали, Нұрбол Жұмашев, Абылайхан Оңғарбаев, Кирилл Шестаков, Антон Шурыгин, Игорь Бойчук, Игорь Зенькович.

Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, «Ақтөбе» сапында сынақтан өтіп жатқан футболшылар – біршама. Бұл ретте Бауыржан Байтана, Рафқат Аслан сынды әлеуеті зор жігіттерімізді атап өткіміз келеді.

Отандық басылымдарда «Ақтөбенің» Берік Айтбаевпен келісімшатқа отырғандығы жайлы ақпарат жарияланған. Бірақ клуб ресми түрде әлі мәлімдеген жоқ.

Абат Айымбетов «Оқжетпес» клубына жалға беріліпті. Дидар Жалмұқанның да алдағы маусымда басқа клубтың жейдесін киіп қалуы мүмкін сияқты. Егор Азовский, Станислав Павлов және Виктор Крюков команда сапынан кетіп қалған. Өткен маусымда Ресейден келген бір топ ойыншылар да қазір жоқ.

Бұл ретте, Егор Сорокин, Никита Бочаров, Сандро Цвейба, Марат Ситдиков сынды ойыншыларды, сондай-ақ Бобир Давлатов, Куасси Куаджа, Неманья Николич сынды легионерлерді де атап өтуге болады.

Айтпақшы, Андрей Сидельников сияқты Марат Хайруллинді де командаға қайтару мәселесі қаралып, келіссөздер жүргізілгендей. Бірақ аталған ойыншы енді «Атырау» футбол клубының намысын қорғайтын сияқты...

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика