Ойын басталған бетте, 38-секундта алаң иелері есеп ашты. «Шахтердің» қорғанысы сыр беріп, жаза басты. Жалпы, кеншілер клубының ең осал шебі... дәл осы қорғанысы сияқты. Бапкерлері де жиі сапырылыстырады.
Әрине, бірінші минута гол жіберіп алу оңай емес. Әрі «Қайрат» та қарсыласының қорғанысын піспектей берді. Сөйтіп, үзіліске дейін тағы екі гол соқты. Матчтың бірінші жартысында қонақтардың ойыны мүлде үйлеспеді.
Екінші таймда «Шахтер» футболшылары жанкештілік танытып, алға шықты. Бірақ ұжымдық ойын үлгілері әлі ақсаулы, “бір қайнауы ішінде” екені байқалып тұрды. Әйтсе де, алғы шептегі ойыншылары шабуыл ұйымдастыра білетіндіктерін көрсетті. Тек ұзаққа дейін гол соғудың сәті түспей қойды. Екі рет доп қақпа бағанасынан кері қайтты...
Қонақтар бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алса да, бір гол соғып, әлеуеттері турнир кестесіндегі қазіргі орындарынан әлдеқайда жоғары екендігін көрсете білді. Бәлкім, жаңа бапкерлері кеншілер клубының ойынын түлетер...
Ал «Қайрат» қоржынына үш ұпай салып, «Астананың» өкшесіне түсті. «Көктемгі футбол» осымен аяқталды. Енді Еурокубок додалары да басталады. Алматы клубы үшін нағыз сын сағаты енді таяды. Ел кубогында да додаға түсуі керек...
«Қайрат» – «Шахтёр» – 4:1 (3:0)
Голдар: Гоу, 1 (1:0). Исламхан, 37 (2:0). Гоу, 39 (3:0). Тұрысбек, 82 (4:0). Стоянович, 86 (4:1).
Ескерту: Жуков, 31.
«Қайрат»: Плотников, Вороговский, Ахметов, Элек (Арзо Ампоста, 68), Сүйімбаев, Қуат, Жуков, Иличевич, Исламхан (к), Исаэль (Аршавин, 10), Гоу (Тұрысбек, 72).
Қосалқы құрам: Покатилов, Анене Чума, Рудосельский, Қуантаев, Балтабаев, Бакаев.
«Шахтёр»: Шацкий, Габышев, Тарасов (к), Скорых, Әлімбаев (Өміртаев, 53), Стоянович, Станоевич, Шахметов, Васильев, Тәжімбетов (Кадио, 51), Тәттібаев (Аллегриа, 69).
Қосалқы құрам: Багинский, Айегбуси, Путинцев, Хайруллин.
Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Жаппасбаев, Айжігітов (екеуі де – Қызылорда).
03 маусым. Алматы, «Орталық» стадион. 6500 көрермен.