Осыдан бір жарым тәулік бұрын «Шахтер» футбол клубы атқарушы директорын, спорттық директорын және бас бапкерін қызметтерінен босатқан болатын. Сейсенбі күні кешке жаңа тағайындалған басшыларын клубтың ресми сайты арқылы жариялады.
Бұған дейін жазғанымыздай, «Шахтер» футбол клубы» АҚ бас бапкері, Ресей маманы Алексей Еременкомен өзара еңбек келісімін бұзған. Ал клубтың атқарушы директоры Асқар Әбілдаев пен спорттық директоры Игорь Солошенконың өз еріктерімен орындарын босатқанын мәлімдеген.
Енді атқарушы директоры лауазымына Олжас Абраевты, ал спорттық директоры қызметіне Мұрат Тілешевті бекіткендерін жариялады. Екеуі де – Қазақстан спортындағы танымал тұлғалар. Бірі ел футболының қайраткері, екіншісі жасыл алаңдағы сұрмергені болған. Енді “қайраңда қалған” кеншілер клубын өрге сүйреуге тырысады...
Ал бас бапкердің міндетін уақытша атқарушы ретінде Андрей Финонченко бекітілген. Былтыр ғана «Шахтердің» намысын қорғаған футболшы маусым басынан бері Алексей Еременконың көмекшісі болған. Енді өз командасын алдағы ойындарға дайындайды.
Жаңа бас жаттықтырушы іздестіріліп жатқан сияқты. Тіпті осы аптаның аяғына дейін есімі жариялануы да мүмкін көрінеді. Мұны облыстық басылымдар жариялады. Осы ретте айта кетейік, бұған дейін «Атырау», «Ақтөбе» және «Оқжетпес» клубтары бас бапкерлерін ауыстырған болатын.