Вернуться к списку статей

“Атырау” мен “Ордабасы” тең түсті – Пенальти болды ма...

Футбол
2K
«Атырау» – «Ордабасы» – 2:2 (0:1). Фото: rfcatyrau.kz
«Атырау» мен «Ордабасы» арасындағы тартысты ойын тең аяқталды. Алаң иелері мүлде риза емес. "Даудың" басы төреші Вишниченконың – пенальтиі...

Екі команда да өз қақпаларына гол жіберіп алмауды ойлаған. Екеуі де қорғаныстарын күшейткен. Екеуі де қорғаныстарының орта шебіне үш қорғаушы қойған. Қос қапталдағы ойыншылары қорғанысқа да көңіл бөледі, атойлап алға да шабады. «Ордабасыны» білеміз, ал «Атыраудың» биыл бес қорғаушымен ойнағанын көрмеп едік десек те болады.

Бірақ екі команда қорғанысқа көп көңіл бөлсе де, бұл ойында төрт гол соғылды. «Атырау» ойынды бірден жоғары қарқында бастағанымен, тәжірибелі «Ордабасы» бірінші мүмкіндігінде-ақ есеп ашып, алға шықты. Алаң иелері шабуылды одан әрі үдетті.

Алайда таразы басын теңестірудің сәті тек екінші таймның басында түсті. «Атырау» мұнымен шектелмей, жеті минуттан кейін алға да шықты. Бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. «Ордабасы» клубының бас бапкері Алексей Петрушин ойыннан кейін мұны «атыраулықтар бізді бірнеше рет кешірді» деп сипаттады.

Бірақ алаң иелері де жеңісті есепті уыстарында ұстап тұра алмады. Бас төреші матчтың соңына қарай «Атыраудың» қақпасына пенальти берді. Әрине, атыраулықтар мұнымен келіскен жоқ. Тайлы-таяғына дейін дауласып бақты. Төреші болса, шешімін бәрібір өзгерткен жоқ. Қонақтар есепті теңестірді...

«Атыраудың» бас бапкері Сергей Павлов матчтан соң мұны «ойдан құрастырылған – пенальти» деп, өкпе-назын жайып салды. Әрі ойынның өте тартысты өткендігін, алдағы матчтарда да намысты қолдан бермеуге тырысатындықтарын тілге тиек етті.  

Бұл ойын шынымен де өте шиеленісті өтті. Бір қызығы, екеуі де соңғы үш турда жеңіске жеткен болатын. Бүгін «Мұнайшы» стадионында ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Десек те, жеңіліссіз ойындары одан әрі жалғасты...

«Атырау» – «Ордабасы» – 2:2 (0:1)

Голдар: Нөсербаев, 14 (0:1). Әбдірахманов, 52 (1:1). Саломов, 59 (2:1). Нұрғалиев, 85-пенальтиден (2:2).

Ескертулер: Әбдірахманов, 55. Саломов, 75. Пасеченко, 84 – Тұңғышбаев, 37. Ковальчук, 44. Нөсербаев, 84. Ерланов, 90+1.

«Атырау»: Пасеченко, Әбдірахманов (Коробов, 62), Мәжитов (Маров, 65), Лобжанидзе, Обшивач, Қалмұратов, Джокич, Максимович, Қайыраллиев (Саломов, 25), Хайруллин (к), Ли.

Қосалқы құрам: Калменов, Родич, Нурыбеков, Сапаров, Сулей, Халелов

«Ордабасы»: Нұрмұхаметов, Ерланов, Фонтанелло, Смақов, Диакате, Ковальчук (Бейсенов, 87), Бочаров, Тұңғышбаев, Нұрғалиев (к), Гейнрих (Гогуа, 70), Нөсербаев.

Қосалқы құрам: Бекбаев, Абдулин, Адырбеков, Әшірбеков, Қожабаев, Бөлешев, Жұмаханов

Төрешілер: Вишниченко (Қостанай), Тихонюк (Ақтөбе), Жаспенов (Алматы)

14 мамыр. Атырау. «Мұнайшы» стадионы. 7 500 көрермен



Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика