Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтындағы мәліметке сенсек, футбол алаңдарын тексеретін арнайы комисия Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионда премьер-лига ойындарын өткізуге тыйым салып, үйдегі ойындарын «Биік» оқу-жаттығу орталығы құрылымындағы «Намыс» стадионда өткізуге рұқсат берген.
Алайда, бүгін «Намыс» стадионының да жағдайы белгілі болып қалды. Жасыл желегінде мін жоқ шығар, оған келісеміз. Бірақ құрғату жүйесі мен дренажы стандартқа сай ма, жоқ па? Соны түсіне алмадық. Өйткені алаңның кейбір жерлеріне көлкіп, жаңбыр суы жиналды.
Ал ойын қызықты өтті. «Ордабасы» матч басталған бетте гол соғып, алға шықты. Голды тағы да Аргентина қорғаушысы Пабло Фонтанелло соқты. Әрі қалай десеңізші! Басынан асыра қайшылап теуіп, «Ақжайықтың» қорғаушылары мен қақпашыларын аң-таң қылды.
Екінші таймда «Ордабасының» екінші орталық қорғаушысы есепті еселеді. Басымен ұрып, қақпаны дәл көздеді. Алтыншы турдан бері гол соқпай кеткен шабуылшылары ұялды ма, көп ұзамай Таңат Нөсербаев допты алаңның суын шашырата теуіп, қақпа ішіндегі суды да шолп еткізді.
«Ордабасы» – «Ақжайық» – 3:0 (1:0)
Голдар: Фонтанелло, 2. Ерланов, 50. Нөсербаев, 64.
Ескертулер: Ковальчук, 60 – Перцух, 28. Ортиз, 31. Рубио, 46. Николич, 63.
«Ордабасы»: Нұрмұхаметов, Смақов, Ерланов, Фонтанелло, Төлебек (Марцваладзе, 35), Диакате, Бочаров, Ковальчук (Бейсенов, 70), Нұрғалиев (к), Йорданов (Тұңғышбаев, 24), Нөсербаев.
Қосалқы құрам: Бекбаев, Гейнрих, Гогуа, Абдулин, Адырбеков, Жұмаханов
"Ақжайық": Төлебаев, Ерсәлімов, Николич, Одибе (к), Заречный (Тапалов, 67), Шмидт, Ортиз, Омаров, Изу, Рубио (Валиуллин, 71), Перцух (Аренас Дельгадо, 51).
Қосалқы құрам: Котляр, Антипов, Чулагов, Сергиенко, Махаев, Зұлфықаров
Төрешілер: Чесноков (Өскемен), Павлов (Алматы), Бейжанов (Петропавл)
06 мая. Шымкент. «Намыс» стадионы. 3 000 көрермен