Луганскіде туып-өскен Украина тумасы қазақ топырағына 2013 жылы келген. Қарағандының «Шахтеріне» келе салып, Қазақстан азаматтығын алды. Кеншілер клубы сапында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы додаларына қатысты. Дүбірлі додаларда шыңдалды.
Көп ұзамай, нақтырақ айтқанда, 2014 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасы сапына шақыртыла бастады. Қорғанысымыздың бел ортасында ойнайды. Бүгінге дейін жиырма шақты ойын өткізді.
«Шахтерден» кейін «Ордабасы» (2015 жылы) және «Ертіс» пен «Астана» (2016 жылы) клубтарының намысын қорғады. Елорда клубы сапында да Еурокубок додаларында өнер көрсетті.
Алайда, дәл қазір «Астана» сапында қорғаушы көп. Сондықтан болар, Малый алдағы маусымды «Тобыл» сапында өткізетін болыпты. Еңбек келісімінің мерзімі – бір маусым.
Өздеріңіз білесіздер, қаңтардың басында «Астананың» тағы бір ойыншысы «Тобылға» барған болатын. Ол – шабуылшы Алексей Щеткин. Бір жылға жалға берілген. Алдағы маусымда Қостанай клубының намысын жыртуы керек.