Негізі, Дмитрий Огайдың «Жетісу» клубына бас бапкер болып тағайындалғаны туралы ақпарат желтоқсанның бірінші жартысында тараған. Бірақ Талдықорған клубы ресми түрде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ болатын.
Одан кейін ҚР Кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиналысы өтіп, онда премьер-лигада сол бұрынғысынша 12 команда ойнайтын болып шешілді. Жоғарғы тобымыздағы командалар санын 14 немесе 16 клубқа дейін көбейту мәселелері талқыланғанымен, ондай шешім қабылданған жоқ.
Бұл дегеніңіз – «Жетісу» 2017 жылы Бірінші лигада ойнайды деген сөз. Енді талдықорғандықтарға премьер-лига жолдамасын спорттық принцип негізінде жеңіп алу керек. Ол үшін де білікті бапкер қажет. Бұл ретте, «Жетісудың» таңдауы Дмитрий Огайға түсіпті. Дұрыс па, бұрыс па, оны уақыт көрсетер.
«Жетісу» 2017 жылғы алғашқы оқу-жаттығу жиынын 9-22 қаңтар аралығында Шымкентте өткізеді екен. Осы жиын кезінде бірнеше жолдастық кездесу өткізіп, бірқатар футболшыларды сынақтан өткізу жоспарланып отырған көрінеді.
Өздеріңіз білесіздер, Дмитрий Огай «Есіл-Богатырь» (2000-2001), «Ертіс» (2002-2004), «Тобыл» (2005-2009), «Тараз» (2010), «Урал» (Ресей, 2010-2011), «Қайрат» (2012), «Нефтехимик» (Ресей, 2012-2013), «Қайсар» (2013-2015) және «Тобыл» (2016) клубтарын жаттықтырған.