Вернуться к списку статей

“Астана” дайындықты Дубайдан бастайды

Футбол
1K
«Астана» футбол клубы 2017 жылғы алғашқы оқу-жаттығу жиынын премьер-лигадағы көптеген командаларымыз сияқты Түркияда емес, Біріккен Араб Әмірлігінде өткізетін болыпты.

Алғашқы жиын Дубайда

Бүгін «Астана» футбол клубының ресми сайты биылғы алғашқы жаттығу жиынының 15 қаңтардан 1 ақпанға дейін Дубайда өтетіндігін жариялады. Онда негізінен демалыстан келген футболшылардың күш-қуатарын қалыпына келтіруге ерекше көңіл бөлінетін көрінеді.

Дубайдағы оқу-жаттығу жиынына «Астананың» жаңа ойыншысы, Албания шабуылшысы Аздрен Лулаку де келеді екен. Сонымен қатар, жарақатынан енді айығып келе жатқан, біраз уақыт емделген Асхат Тағыберген де, өткен маусымда «Жетісу» командасына жалға берілген Берік Шайыхов та дайындықты өзгелермен бірге бастайтын болыпты.

Азиядағы Чемпиондар лигасының жеңімпазымен кездеседі

«Астана» футбол клубының ресми сайты таратқан аөпараттарға сенсек, Станимир Стойловтың шәкірттері Біріккен Араб Әмірлігіндегі оқу-жаттығу жиыны барысында екі жолдастық кездесу өткізеді екен. Әуелі, 28 қаңтар күні Латвияның «Рига» деп аталатын командасымен кездесетін борлыпты.

Содан кейін, 31 қаңтар күні Оңтүстік Кореяның «Чонбук Хендэ» деген клубымен додаға түспек. Ал бұл команда осал емес. Азияның үздік командаларының бірі, өз елінің чемпионы және Азия футбол конфедерациясының Чемпиондар лигасының жеңіп алған – азулы ұжым.

«Чонбук Хендэ» 1994 жылы Чонджу қаласында құрылған. Оңтүстік Кореяның 4 дүркін чемпионы. 3 рет өз елінің кубогын жеңіп алған. 2006 және 2016 жылдары Азияның үздік клубы атанып, АФК Чемпиондар лигасында топ жарған.

Өткен маусымда бұл команданың алты ойыншысы Оңтүстік Корея құрамасының сапына үнемі шақыртылып отырған. Ал ең басты жұлдызы ретінде Бразилия шабуылшысы Эдуді бөле-жара атап өтуге болады. Ол Германияның «Бохум», «Майнц», «Шальке» және «Грейт Фюрт» сынды клубтары сапында өнер көрсетіп, бундеслигада 100-ге тарта ойын өткізген. 

«Астана» екі жас қорғаушысымен қоштасты

22 жастағы Біржан Күлбеков пен 21 жастағы Аманбол Әлиев енді елорда клубы сапында ойнамайды. Екі ойыншының да еңбек келісімдерінің мерзімі  аяқталып, бапкерлер құрамның шешімімен келісімшарттары одан әрі ұзартылмаған.

Күлбеков 2016 жылғы маусымда негізгі құрамда алты ойын өткізген болатын. Бір рет Европа лигасының топтық кезеңіндегі матчта, атап айтқанда «Астана» – «Олимпиакос» кездесуінің 82-минутында алаңға шыққан болатын.

Ал Әлиев негізгі құрамға маусым ортасында қосылып, бір рет премьер-лига аясындағы, екі рет ел кубогы додасындағы ойындарда елорда клубының намысын қорғаған. «Астана» футбол клубы екеуіне де алғыс білдіріп, алдағы еңбек жолдарына сәттілік тілепті.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика