Вернуться к списку статей

Облыс біріншілігіндегі жас талант қазақ футболының жұлдызы бола ала ма?

Футбол
1K
Бүгінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ХХІХ "Гранаткин мемориалы" халықаралық турнирі өтіп жатыр. Қазақстан бозбалалары әзірше екі-ақ ойын өткізді. Әйтсе де, осы қос матчта қазақтың бір қарадомалағы мамандар көзіне ілікті.

Бұл турнирге «Қазақстан U-19 құрамасы қатысып жатыр» дегенімізбен, құрама сапындағы жігіттердің біреуі ғана осыдан екі күн бұрын 18-ге толған (Гаврил Кан). Ал қалғандары – 16-17-дегі өрендер. Себебі осы халықаралық додада бұғанасы қатпаған жеткіншектерді шыңдау мақсат тұтылып отыр.

Жалпы, біздің ғана емес, басқа елдердің құрамалары сапында да негізінен 16-17 жастағы бозбалалар ойнайды. Кейбір командалардың сапында тіпті 15 жастағы жеткіншектер де жүр. Бәрі де бұл турнирде жасөспрімдер арасындағы құрамасын дүлей додаға салып, аяқдоп өнеріне дарынды өрендерінің тәжірибелерін толықтыра түсуді көздейді.

Қызық болғанда, Қазақстан бозбалаларының екі ойыны аяқталған соң, журналистерге арналған баспасөз жиынында 4 ақпан күні 17-ге толатын қазақтың жас шабуылшысы ауызға көп ілікті. Ол – Еркебұлан Сейідахмет.

Қазақстан және Словакия жеткіншектері арасындағы ойыннан кейін (0:0 есебімен аяқталған), журналистердің бірі біздің жасөспірімдер арасындағы құрамамыздың аға жаттықтырушысы Александр Кузнецовқа былай деп сұрақ қойыпты:

Небәрі 20 жасында «Қайрат» футбол клубының капитаны болған Бауыржан Исламхан дәл осы турнирде жарқырап көзге түскен еді. Қазір сіздің шәкірттеріңіздің арасында сондай болашақ жұлдыздар бар ма?


Фото: granatkin.com

Болашағынан үміт күтуге болатын дарынды балалар бар. Егер өздеріңіз байқаған болсаңыздар, шабуыл өтінде бір бозбала ойнады. Ол облыс біріншілігінде өнер көрсетеді. Дәл осы турнирге жақсы дайындықпен келе алмады, спорттық бабына әлі келе қоймаған. Бірақ 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы іріктеу турнирлерінде сербтерге, албандарға гол соққан. Алаңға шыққанда, қарсыластарымызды әбігерге түсіретін. Ол – Исламханның жерлесі, Тараз қаласынан. Бұл өңірден талай таланттар шыққан. Бүгінгі матчта ойнаған тағы да бірнеше ойыншыны атап өтуге болар еді, бірақ оларға әлі де шүмектетіп тер төгу қажет. Біз әлі өзіміздің ең үздік ойынымызды көрсеткен жоқпыз. Дайындығымызды пысықтай түсуге әлі уақыт керек. Әйтсе де, бүгін жігіттердің жігерлік танытқандарына дән ризамын, – деген болатын жас бапкер сонда.

Әлқисса, кеше Қазақстан U-19 құрамасы Гранаткин мемориалындағы екінші ойынын өткізіп, Әзірбайжан бозбалаларымен тең түсті (2:2). Құрама бапкері А.Кузнецовтің сөздерінен кейін Санкт-Петербордағы журналистер мен мамандар Е.Сейідахметтің ойыны мен өнеріне ерекше көңіл бөлгендей.

Өз кезегінде Еркебұлан да жарады. 81 минут бойы (ойынның аяғында оның орнына Лев Скворцов шықты) Әзірбайжан қорғаушыларына тыным берген жоқ. Жандарын мұрындарының ұшына келтірді. Олар оны үшеулеп ұстауға тырысты.

Әйтсе де, Әзірбайжан қорғаушылары тіпті біздің жас талантымызға ие бола алмай қалып, шалып жықты. Төреші пенальти берді. Сол 11-метрлік айып соққысының арқасында біздің құрама есеп ашты. Ал екінші таймда Еркебұланның өзі тамаша гол соқты.


Фото: granatkin.com

Ал бапкерлерге арналған баспасөз жиыны басталғанда, журналистердің жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецовқа қойған бірінші сұрақтары да... әрине, Еркебұлан жайлы болды.

Міне, екінші ойын Қазақстан құрамасы сапында 9-шы нөмірлі шабуылшы ерекше көзге түсіп жүр. Бірінші ойыннан кейін сіз оны бар болғаны облыс біріншілігінде ойнайды дедіңіз. Неге?

Ол Тараздағы «Монтажник» командасының сапында ойнайды. Бұл команданы ұстап (қаржыландырып) тұрған – меценат Георгий Хутиди. Футболға жан-тәнімен берілген фанат, көпшілікке танымал Антон Щохты еске түсіруге арналған тамаша турнирді үздіксіз өткізіп келеді. Бұл турнирге ЦСКА, «Динамо», «Спартак» және басқа командалардың жас футболшылары келіп қатысады. Жергілікті жеткіншектер де, сырттан келген өрендер де баға жетпес тәжірибе жинақтап жүр. Ал «Монтажниктің» премьер-лигада клубы жоқ. Сондықтан бұл команданың жас футболшылары тек облыс біріншілігінде өнер көрсетіп жүр. Еркебұлан Сейідахмет – солардің бірі. Сөз жоқ, тума талант, десек те, осы баланы футбол өнеріне баулып жүрген Тараз жаттықтырушыларына мың алғыс, – деп түйіндепті жас шабуылшы жайлы өз ойы мен пікірін Александр Кузнецов.


Еркебұлан екінші ойынның үздік ойыншысы атанды

Шабуылшыға зәру елде осындай талантты баланың бой көрсетіп, көзге түсіп жүргеніне қуаныштымыз. Енді еліміздің жасөспірімдер арасындағы құрамасының бапкерлері, Тараз футболының жанашырлары, тіпті Қазақстан футбол федерациясының басшылары мен мамандары Еркебұланның болашағын ойластырып, оның кәсіпқой футболшы болып жетіле түсуіне жан-жақты жағдай жасаса екен дейміз.

Александр Кузнецовтің Санкт-Петербург төрінде айтқан сөздері аяқсыз қалмаса екен деп тілейміз. Қазақтың жас баласы білікті бапкерлердің қолына түсіп, әлеуеті мен қабілетін толық жүзеге асырса, нұр үстіне нұр болар еді!

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика