Вернуться к списку статей

Қайрат Нұрдәулетов – қазақ футболының тарихындағы ең ірі жетістік – УЕФА-ға мүшелік

Футбол
1K
Қайрат Нұрдәулетов – қазақ футболының тарихындағы ең ірі жетістік – УЕФА-ға мүшелік
Бүгінде жасыл алаңдағы карьерасын аяқтап, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар алқасына кірген еліміздің екі дүркін чемпионы Қайрат Нұрдәулетов Қазақстан футболынның ең ірі жетістігін айтып берді.

– Барша футбол жанкүйерлерін келе жатқан Қазақстан футболының күнімен құттықтаймын!, - деп бастады Қайрат Нұрдәулетов – Негізі, Қазақстан футболының күні ретінде 25 сәуірді атап жүрміз ғой. УЕФА-ға мүше болғанымызға 15 жыл болыпты. Менің ойымша, қазақ футболының тарихындағы ең ірі жетістігіміз осы, яғни УЕФА-ға мүше болуымыз. Өйткені, Азия футболы мен Еуропа футболының айырмасы жер мен көктей. Рас, әлем чемпионатының ауылы алыстаса да, Еуропаға өткелі футболымыз дамып келеді. Оны жоққа шығаруға болмайды.

– Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар алқасына кірдіңіз. Бас бапкер Александр Бородюкпен тіл табыса алдыңыз ба?

– Ұлттық құрама тақырыбында әңгіме қозғауға ертерек шығар. Мен әлі бірде-бір оқу-жаттығу жиынына қатысқан жоқпын. Жұмыстың қалай жүргізілетінін, шыны керек, әлі білмеймін. Бұл тақырыпқа кейінірек қайта оралайық. Жақында Уэльсте өтетін УЕФА-ның жаттықтырушылар семинарына қатысамыз. Сол жақтан біліктілігімді тағы да шыңдап қайтармыз.

– Ал сіздің міндетіңізге не кіреді?

– Ұлттық құрама жаттықтырушысы ретінде футболшыларға жиі хабарласып, жағдайларын біліп отырамын. Әрдайым олардың бабында болуын бақылап, бас команда үшін алаңға шыққанда өздеріне өте сенімді болуларын қадағалаймын. Алдағы оқу-жаттығу жиындарында менің ұлттық құрамадағы міндеттерім айқындала түседі.

– Ендеше Қазақстан Премьер-лигасы жайлы әңгімелессек. Алғашқы турларға қандай баға бересіз?

– Командалар өз ойындарын енді ғана тауып келе жатқандай. «Астана» мен «Қайрат» ақырындап турнир кестесінде жоғары өрлеп келеді. Басқа командалар да биыл құрамдарын жақсы жасақтай алған секілді. Сондықтан, ел чемпионаты биыл қызықты, әрі тартысты өтуі тиіс. Сондай-ақ, «Қайсардың» да қарқыны қуантады. Қызылордалықтар маусымды сәтті бастады. Егер осы беттерінен таймаса, чемпионатты үздік алтылықта аяқтауы тиіс деп ойлаймын.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика