Вернуться к списку статей

Әкімнің алдында "анекдот" айтқанша, жасыл алаңда жанын салса ғой...

Футбол
1K
Қарағанды облысының әкімі
«Командада жарақат алған ойыншылар көп. Футболшыларға сенімділік жетіспейді», - деп әкімнің алдында ақталу нағыз анекдот қой. Рас, бұған алданатындар да бар, бірақ, Қарағанды облысының басшысы ондай "аңқау" емес.

Бір кездері Еуропа лигасында атой салып, ел абыройын асқақтатқан Қарағандының «Шахтері» кейінгі кездері білгендерінен жаңылғандай. Соңғы екі маусымда Премьер-лигадағы орнын әзер сақтап қалған «кеншілер» биыл 12 команданың ішінде 11-орында тұр. Егер «Атыраудың» -9 ұпайы болмағанда «Шахтер» турнир кестесінің соңғы сатысында тұруы да мүмкін еді. Сондықтан, қазір команданың жағдайына барша қарағандылықтар алаңдап отыр.

Егер қарап отыра берсе кеш болатынын түсінген облыс әкімі Ерлан Қошанов кеше «Шахтер» футбол клубының басшылығын қабылдап, команданың биылғы маусымдағы ойынына көңілі толмайтынын білдірді. Көңілі толмады деген жай ғана сөз. Ашуға булыққан облыс әкімі «Шахтер» басшыларына біраз сын тағып тастады. Клуб директоры Асқар Әбілдаев біраз футболшының жарақат алып қалғанын айтып ақталғысы келген:

Жеңілістеріміздің басты себебі – негізгі ойыншыларымыздың жарақаттары. Негізгі құрамның сегіз ойыншысы саптан шығып қалды. Өзіңіз де түсінесіз ғой, әр жаттықтырушының сенім артқан өз ойыншылары болады. Қазір олардың бәрі жарақаттарын емдетіп жүр. Үшеуі Анталиядағы оқу-жаттығу жиынында-ақ «сынып» қалды. Тағы үшеуі өткенде «Тобылға» қарсы кездесуде жарақат алды.


Әбілдаевтың сөзін әкімнің өзі бөліп жіберді де, мұның барлығы да кәсіпқойлықтың төмендігінен екендігін айтып, ойыншылар мен бапкерлердің біліксіздіктеріне меңзеді. Бұл бас бапкердің намысына тиіп кетсе керек, араға Алексей Еременко түсті.

Ойынның барлығын бірнеше реттен қарап шықтым. Барлық жарақаттар ойындар кезінде қарсыласпен қақтығыстардың кесірінен болған. Жайдан жай «сынып» қалған ешкім жоқ. Футбол – қақтығыстан тұратын спорт түрі ғой. Бұдан ешқайда қашып құтылмайсың... Ал ойын нәтижелеріне келер болсақ, көрсеткіштеріміз шынымен де біз күткендей емес. Бірақ, бас бапкер ретінде команданың жағдайын жақсы білемін. Ойыншылардың бәрі де қабілетті. Тек аздап сенімділік жетіспейді, - деді Еременко.

Бұл жауап та облыс әкімін қанағаттандырмады. Қайта одан сайын ашуландырып жібергендей.

Сенімділікті бойларына сіңіргенше күз болады. Ал бізге нәтиже қазір керек! Асқар Зубайдуллаұлы, сіз қарағандылықсыз ғой? Солай ма?! Ендеше ертең мына бапкермен келісімшартты үзсек, оған түк болмайды. Шабаданын жинап, еліне кетіп қалады. Ал осында қалатын өзіңіз. Халықтың көзіне қалай қарайсыз? Сіздің айлығыңызды төлеп отырған солар. Салық төлеушілердің ақшасын жеп отырсыздар! Мысалға, сіздер өз айлықтарыңызға көңілдеріңіз тола ма? Ал біз сіздердің ойындарыңызға риза емеспіз!, – деді қаһарына мінген Ерлан Жақанұлы.

Одан кейін облыс әкімі былтырлары «Шахтерде» ойнап, биыл «Қайсарды» өрге сүйреп жүрген Мақсат Байжановтың да командадан кетіп қалғанына қынжылып, оны басқа командаға жіберіп қойғаны үшін «Шахтер» басшылыған бір ұрсып алды. Сөйтті де, Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Наталья Сухоруковаға бір аптаның ішінде клубтағы проблемалардың барлығын реттеуді тапсырып, қай футболшының шынымен де барын салып жүргенін, қайсысының таныс арқылы келгенін анықтауды бұйырды.

Бір айдан кейін тағы кездесеміз. Ал сіз, Алексей Борисович, қолыңыздан келмесе, біреудің орнын ұстамаңыз! Қажет болса, орныңызға басқа адам табамыз, - деп бас бапкерге «есікті нұсқады».

Иә, кейде команданы дүр сілкіндіріп, футболшыларды ояту үшін осындай қатты сөдер де керек. Бұл тек «Шахтерге» емес, «Тараз» бен «Атырауға» да, тіпті қазіргі жағдайда «Ақтөбеге» де қатысты. Әйтпесе, футболда бір қолыңа қамшы ұстап жүрмесең, бәлішке жаман үйренгендер әбден басынып кетсе қиын болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика