Бұл ойын Көкшетауда емес, Астанада өтті. «Оқжетпес» биылғы маусым басында да, былтырғыдай “үйсіз-күйсіз” (стадионсыз) жүр. Өз алаңындағы ойындарын әр стадионда өткізеді. Бұл жолы «Тарлан Аренаның» жасыл алаңын “таңдапты”.
«Оқжетпес» әр тур сайын төмен сырғып барады. Соңғы төрт ойында үшінші рет ұтылды. Маусым аралығында құрамын күшейте алмаған. Жаңадан қосылған ойыншылары сенім үдесінен шыға алар емес.
Көкше клубында орталық қорғаушы жоққа тән. Жалпы, қорғаушылары өте аз. Бас бапкері амалсыз еңгерзедей шабуылшысын қорғанысқа қойған. Шекесі шылқып, жетіскеннен емес, әрине...
Бірақ Сергей Струков те қорғаныстағы «жыртыққа жамау» бола алар емес. Бірінші таймда ол «Астана» шабуылшысының сол қапталдан көлбеу тепкен добын қолымен тоқтатып, жаза басты. Пенальти. Бірақ Кабананга 11-метрлік айып соққысын қақпадан биік теуіп, мүлт кетті.
Жалпы, бірінші таймда астаналықтардың бірнеше шабуылы мен қауіпті соққыларын «Оқжетпестің» қақпашысы Саша Стаменковичтің тойтарғанын айта кетуіміз керек. Ал Көкше клубы Александр Мокиннің қақпасына мүлде демейміз, бірақ көп қауіп төндіре алмады.
Ал екінші таймда «Оқжетпестің» қорғанысы «Астананың» шабуылына төтеп бере алмады. Оң қапталда ойқастаған Дидар Жалмұқанның көлденең берген пасын Серікжан Мұжықов шірене теуіп, қақпа бұрышын дәл көздеді.
Көп ұзамай оң қапталдан алға ентелеген Жалмұқанды «Оқжетпестің» орталық қорғаушысы Даниил Чертов шалып құлатты. Тағы да пенальти. Кабананга үнсіз, допқа жүгіруге командалас серіктерінен ұялады. Мұртазаев бәрінен бұрын допты қолына қысып алып еді, бірақ пенальтиді Граховац тебетін болды. Соққысы қуатты Срджан тепкен доп ышқына атылған Стаменковичтен бұрын қақпаға кіріп кетті.
Көп ұзамай Роман Мұртазаев та соқты, голды. Бірақ пенальтиден емес, таза өз еңбегімен. Бір толғап, қақпашы мен қорғаушыны алдап соқты да, теңбіл допты олардың үстілерінен асыра салды. Есеп – 3:0.
«Оқжетпес» – «Астана» – 0:3 (0:0)
Голдар: Мұжықов, 61. Граховац, 64-пенальтиден. Муртазаев, 79.
45-минутта Кабананга пенальти соға алмады.
Ескертулер: Струков, 44. Юрин, 87.
«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Струков, Чертов, Марочкин, Волков, Хорват, Политыло (Недашковский, 81), Козлов (Досмағамбетов, 46), Федин, Юрин, Шафф (Генков, 81).
Қосалқы құрам: Голубничий, Сламбеков, Куксин, Аяғанов, Дайыров, Шайыхов.
«Астана»: Мокин, Шитов, Аничич, Постников, Шомко (к), Мұжықов (Бейсебеков, 82), Маевский, Граховац, Жалмұқан (Твумаси, 78), Муртазаев, Кабананга (Ллуллаку 73).
Қосалқы құрам: Эрич, Логвиненко, Жақыпбаев, Наджарян, Сағынаев, Жүнісов.
Төрешілер: Вишниченко (Қостанай), Филипчук (Шымкент), Субботин (Талдықорған)
16 сәуір. Астана. «Тарлан Арена» стадионы. 900 көрермен