Вернуться к списку статей

“Атыраулық Серхио Рамос” пен “Спартакта” ойнаған Козлов

Футбол
1K
Баспен гол соғуды жиілеткен Обшивач
Қазақстан премьер-лигасының алтыншы турында доп “жауып”, алты ойында 23 гол соғылды.

«Ертіс» – «Тараз» – 5:2

Алтыншы турдағы ең көп гол соғылған – ойын. Әрі «Ертіс» осы жеңісінің арқасында бірінші орынға шығып, премьер-лигада жеке өзі көш бастады. Сонымен қатар, жеті ойында ең көп гол соққан команда болып шыға келді. Бұл ойында Аслан Дарабаев ерекше көзге түсіп, екі гол соқты.

«Тараз» Ертіс жағасында ойсырай ұтылды. Максим Фещуктің алыстан соққан әдемі голы болмаса, қорғанысы «Ертістің» екпінді шабуылдарына төтеп бере алмай қалды. Өткен турда ғана азулы «Ордабасы» клубын тізе бүктірген команда екі ойын қатарынан жоғары деңгейде ойнай алмайтындығын сездіріп алғандай... 

«Атырау» – «Шахтер» – 3:3

Қазақстан премьер-лигасында әлі жеңіске жетпеген екі команда Жайық жағасында кездескен-ді. Әрі екеуі көш соңында өзгелерден біршама қалып қойған. Әр тур сайын бәскелестері ұпай айырмасын ұлғайта түсіп, ұзап барады. Алайда ешқайсысы «жеңіс» деген бағанадағы нөлдерін өзгерте алмады...

Алтыншы турдағы ең әдемі гол осы ойында соғылды. Өзбек Шавкат Саломовтың өкшесімен соққан голы кімді болмасын бейтарап қалдырмайды. Сондай-ақ хорват қорғаушысы Юре Обшивач өзінің тектен-тек «атыраулық Серхио Рамос» аталмағандығын дәлелдеп, баспен гол соғудың қас шебері екендігін көрсетті.

«Шахтер» Қазақстан премьер-лигасында өз қақпасына ең көп гол жіберген команда болып отыр. Алты ойында 13 доп жіберіп алды. Қорғаушылары сенім үдесінен шыға алмай жүр. Әзірше кеншілер клубының қақпасына гол соға алмаған тек «Тараз» екен...

«Тобыл» – «Қайрат» – 2:2

«Тобыл» өз қабілеті мен әлеуетіне әлі сенбей жүргендей. Бірінші таймда қорғаушылары тізелері дірілдемесе де, жаза басып, екі гол жіберіп алды. Есесіне, екінші таймда құйындай орап соқты. «Қайратты» тықсырып, әбден састырды. Осы бетінен таймаса, ел чемпионатындағы кез келген команданы ұта алады.

Ал «Қайрат» тең түсуден рекорд жасауға бет бұрғандай. Жеті ойынның бесеуінде тең түсті. Рас, әлі ұтылған жоқ. Қазақстан премьер-лигасында жеңілістің кермек дәмін әлі татып көрмеген – жалғыз команда. Бірақ бес рет екі ұпайдан жоғалту үш рет ұтылып қалғаннан да сорақы емес пе?

Айтпақшы, бұл ойында да адам тамсанарлық әдемі гол соғылды. Хорватия саңлағы Иво Иличевич әр қимылын баққан қорғаушыны да, сырттай бәрін бағамдап-көріп тұрған қақпашыны да қалай қапы қалдыру керек екендігін паш етті.

«Астана» – «Ақтөбе» – 3:0

Ресми ойын өткізетін түгілі, жаттығатын жасыл алаң таппай, сергелдеңге түсіп жүрген «Астана» “бар ашуын” «Ақтөбеден» алды. Рас, ойын матч нәтижесіне сәйкес келіңкіремейді. Елорда клубы 90 минут бойын басымдық танытты деп айта алмаймыз. Әйтсе де, деңгейінің жоғары екендігін дәлелдеді. Ойын аяқталғанша, тізгін тартуға болмайтындығын көрсетті.

Қонақтар осы ойыннан сабақ алса игі еді. Енді бір байқағанымыз, бұл команданың барзилиялықтары мен басқа футболшылары әлі бір-бірімен тіл табыса алмай жүргендей. Сөйлесетін ортақ тіл керек.

Сырттан келгендердің ешқайсысы да қазақша білмейді. Біліп қайтсін, біздің футболда қазақ тілі ескерілмейді. Сондықтан «Ақтөбе» футболшылары алаңда тек «ыммен» түсінісуге тырысады...

«Ақжайық» – «Оқжетпес» – 1:1 

«Оқжетпес» былтырғыдай емес, жүрісі (ойыны) – шабан, қимылы – керенау. Маусым аралығында алған легионерлері сенімдерін ақтар емес. «Ахау, шіркін, Көкшеге Мәскеудің “Спартагында” ойнағанда Козлов келді» деп дүрліккендердің көмейлеріне құм құйылғандай. Мақтаулы Козлов әлден “құтты орны” – қосалқы құрам орындығына жайғасты...

Содан соң, Көкше клубы сапында гол соғатын шабуылшы жоқ, деуге болады. Қорғаушылары да сенім үдесінен шыға алмай жүр. Әсіресе қорғанысының орта тұсы осалдау секілді. Қақпашы Саша Стаменковичке тыным жоқ. Жан ұшырып, тер төгіп жүр. Серб голкипері болмаса, жіберген доптарының саны екі таңбалы саннан асар еді.

Ал қалтасы премьер-лигадағы клубтарымыздың көбісінен жұқа «Ақжайықтың» аяқ алысы тым жаман емес сияқты. Тірнектеп “тапқан” ұпайларының саны алтау болды. Орта есеппен бір ойында – бір ұпай. Әзірше жетінші орында тұр.

«Ордабасы» – «Қайсар» – 1:0 

Алтыншы турдағы ең аз гол соңылған ойын болды. Бұған дейін екі рет қатарынан ұтылған «Ордабасы» өз алаңында «Қайсардан» жеңілсе, күйзеліске ұшырауы да мүмкін еді. Әрі жанкүйерлерін жасытып, жерлестерінің наразылығы мен сырт көздің сын-ескертпелерінің астында қалар еді...

Биылғы маусымды жоғары қарқында бастап, алғашқы үш ойында жеңіске жеткен «Қайсарға» соңғы турларда ұпай елу қиынға соға бастады. Өйткені азулы командалармен енді жолы түйісе бастады. Әуелі Алматыда, одан кейін өз алаңында тең түсті. Ал Шымкентте алғаш рет ұтылды.

Сөйтіп, өткен турдан кейін ғана екінші орында тұрған Қызылорда клубы алтыншы орыннан бір-ақ шықты. Жалпы, «Қайсарға» гол соғу оңай болып тұрған жоқ. Алты ойындағы соққаны – бес-ақ доп. Құралайды көзге атқан шабуылшы жетіспейтіндей...


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика