Ел чемпионаты бастылып кетті, тексерісті «кеш бастаған жоқпыз ба, осы» деген сауал бірден тіліміздің ұшына оралады, әрине. Бірақ Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайты мұны да ескеріп өтіпті.
Футбол алаңдарының сапасын тексеретін комиссия техникалық себептерге байланысты өз жұмыстарын күн жылығанда, белгілі бір ауаның температурасында ғана жүргізе алады екен. Сондықтан комиссия күн жылыған бетте белсенді түрде іске кіріскен.
Ал футбол алаңдарының сапасын тексеретін комиссияға Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының спорт директоры Павел Демян төраға болып бекітілген. Технологиялық зерттеу жұмыстарын жасанды алаңдарды сертификациялау саласында тәжірибесі мол «LABSPORTKZ» компаниясы жүргізетін көрінеді.
Тексеру және зерттеу жұмыстары барысында арнайы құрыл-жабдықтардың көмегімен алаң сапасының функционалдық көрсеткіштерінің негізгі өлшемдері жүзеге асырылған: алаңның тегістігі, доптың домалауы және жоғарыдан тік түскендегі кері серпілісі, жасыл желекте жарақат алып қалмау қауіпсіздігіне әсер ететін жасанды төсеніштердің жік-жапсарларының беріктігі мен серпімділігі және т.б.
Әзірше, арнайы комиссияның «Ақтөбе» және «Атырау» клубтарының “үйдегі” ойындарын өткізіп жүрген қосалқы алаңдары тексерілгені мәлім. Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы сайтының мәлімдеуінше, екеуі де жарамсыз болып танылған.
Атап айтқанда, Ақтөбедегі ООРБЖМ (облыстық олимпиадалық резерті балалар мен жасөспірімдер мектебі) стадионының және Атыраудағы «Судоремонтник» стадионының алаңдарында премьер-лига ойындарын өткізуге болмайтындығы анықталған...
Иә, орам-орам болып келетін жасанды желектердің өзін дұрыстап төсей алмайды екенбіз ғой... Әуелі алаңды тегістеп алу керек, одан кейін жасанды желектерді жігін білдірмей, бір-біріне жалғап төсеу керек...
Бұл тек жасыл алаңдарды тексеру, ал стадиондарымызды қоса тексерше ше? Стадиондарымыздың жағдай сын көтермейтіндігі бесенеден белгілі. Халықаралық талаптарға сай барлық инфрақұрылымдық жүйелермен жабдықталмаған...