Вернуться к списку статей

"Тобыл" мен "Қайрат" – грузин бапкерлерінің дербиі тең аяқталды

Футбол
1K
Өткен турда «Шахтерді» ойсырата жеңіп, бүгін Қостанайда қонақ болған Алматының «Қайраты» бірінші таймның қорытындысы бойынша 2:0 есебімен жеңіп жатып, үзілістен кейін қолда тұрған жеңістен айрылып қалды.

«Қайраттың» ойынын түсініп болмайсың. Алматының ауа-райы сияқты. Табан астында көңіл-күйлері күрт өзгеріп шыға келеді. Жеңіп жатып, қақпаларына гол жіберіп қоюлары оп-оңай. «Оқжетпес», «Қайсар», «Ертіс», енді міне, «Тобыл» да «Қайраттың» соққан голдарына голмен жауап қатып, алматылықтарды тобықтан басты. Иә, биылғы маусымның ең жігерсіз командасы әзірге осы «Қайрат» болып тұр.

Негізі, Кахабер Цхададзе шәкірттері матчты тамаша бастаған. Ойынның 19-шы минутында Исаэльдің а-ля Дэвид Бекхэм мәнеріндегі пасын кеудемен тоқтатқан Иво Иличевич допты жерге түсірместен қақпаға қақырата тепті. Үзіліске үш минут қалғанда Бауыржан Исламханнан тамаша пас алған Жерар Гоу қонақтардың екінші голын соқты.

Осыдан кейін екінші таймда қонақтарды ешкім тоқтата алмастай көрінген. Алайда, «Қайрат» жүрісінен жаңылды. Ойынын жоғалтып, доптан жиі айрылып қала берді. Нәтижесінде, алдымен Алексей Щеткин қорғаушыны байқатпай ғана жұдырығымен түртіп құлатып, допты қақпашы Стас Покатиловтың бойынан асырып жіберді. 

Одан кейін Асқат Тағыберген допты жерге түсірместен қақпаға шірене тепкен еді, алайда «теңбіл снаряд» маңдайшаға тиіп кері серпілді. Дегенмен, «Тобылды» бір голмен тоқтап қалмады. Кезекті бұрыштамаларден кейін Сергей Малый допқа маңдайын тосып, таразы басын теңестірді.

Қорытынды есеп – 2:2, грузин бапкерлерінің Қостанайдағы дербиі тең аяқталды. Иә, бұл «Қайраттың» осы маусымдағы бесінші тең ойыны. Рас, алматылықтар әлі жеңіліп көрген жоқ. Дегенмен, чемпиондықты көздеген команда соңына дейін ойнауы тиіс.

«Тобыл» (Қостанай) – «Қайрат» (Алматы) 2:2 (0:2)

Голдар: Иличевич, 19 (0:1). Гоу, 42 (0:2). Щеткин, 51 (1:2). Малый, 83.

Ескертулер: Деспотович 46, Мирошниченко 85 – Қуат 60.

«Тобыл»: Непогодов, Кассай, Малый, Мирошниченко, Молдақараев (Шимкович 61), Мухутдинов, Сартаков, Тағыберген, Деспотович (Жаңғылышбай 90), Савич, Щеткин.

Резерв: Бусурманов, Жақыпов, Дмитренко, Джалилов, Елмырзаев, Шубаев, Главина.

«Қайрат»: Покатилов, Ампоста, Маркович, Бакаев, Иличевич (Жуков 78), Исаэл, Исламхан, Қуат, Сүйімбаев, Элек, Гоу.

Резерв: Плотников, Балтабаев, Тұрысбек, Қуантаев, Ахметов, Вороговский, Анене, Аршавин.

Төрешілер: Чесноков (Өскемен), Богданов (Семей), Попов (Өскемен).

Қостанай қаласы, «Затоболец» стадионы, 4000 көрермен.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика