«Тарлан-Арена» алаңы
Елордадағы «Тарлан-Арена» алаңының жасыл желегі – жасанды. Сапасы жаман емес те сиықты. Шамамен 1000 адамға арналған орындықтары бар. Трибунасы алаңның бір ғана жиегіне ұзыннан-ұзақ салынған.
«Астана-Арена» жөндеу жұмыстарына жабылып, стадионсыз қалған «Астана» клубы VІ турдағы ойынын осы алаңда өткізді. Әрине, ол лық толды. Әрине, мұнда VIP-ложа жоқ. “Қара” да, “хан” да бірге отырады. Қысқасы, көңілді...
Логвиененко өзі түлеп ұшқан «Ақтөбеге» гол соқты
Ойын басталған бетте «Астана» қонақтарын тықсырып, қыспаққа алды. Әрі көп ұзамай есеп ашты. Ел чемпионы құрамына жақында қосылған Срджан Граховац айып соққысын орындап, допты қақпаға қарай шыр айналдыра тепті.
Ал әуелеп келген допты қақпаға басымен бағытаудың “төресіне” айналған Логвиненко өз шеберлігін паш етті. Теңбіл допты бір ғана қимылымен қақпа ішіне “сүңгітті”. «Ақтөбенің» қорғаушылары да, қақпашысы да қапы қалды.
«Астананың» үзіліске дейін тағы да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ бірде шабуылшылары мүлт кетіп немесе бір-біріне пас бермей, бірде қонақтардың қақпашысы ширақ қимылдап, таблодағы есеп өзгермеді. Ал «Ақтөбенің» қарсы шабуылдары аса қауіпті болмады.
Жалмұқан да бұрынғы өз командасын жасытты
Екінші тайм басталған бетте «Ақтөбе» екі ойыншысын алмастырды. Әрі қарқынын үдетіп, жиі шабуылдауға көшті. Тіпті гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері де болды. Бірақ қонақтардың шабуылшылары қақпашымен бірге-бір шықса да, гол соға алмай пұшайман болды.
Ал ойын аяғында босаңсып, «Астананың» екі рет сол соғуына мүмкіндік беріп қойды. Әуелі екі қорғаушысы сол қапталдан алға ентелеген Кабананганы ортаға алып, аяғындағы добын біреуі қолымен кері қайтарды.
Пенальтиді Кабананганың өзі орындап, есепті еселеді. Бірақ төреші бірінші соққысын есепке алмай, қайта тепкізді. Джуниор асып-сасып, толқыған жоқ. Екеуінде де қақпашы Сидельниковтен айласын асырды.
Ал ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда Д.Жалмұқан да Юрий Логвиненко секілді өзінің бұрынғы командасына гол соқты. Абзал Бейсебековтің алыстан тепкен добын қорғаушылар кері қайтарған, бірақ оны айып алаңы сызығы үстінен Дидар қайыра теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.
«Астана» – «Ақтөбе» – 3:0 (1:0)
Голдар: Логвиненко, 12. Кабананга, 87-пенальтиден. Жалмұқан, 90+1.
Ескертулер: Ллуллаку, 63. Граховац, 70 – Воловик, 80.
«Астана»: Мокин, Бейсебеков, Логвиненко, Аничич, Шомко (к), Маевский, Граховац, Мұжықов (Мұртазаев, 88), Твумаси (Жалмұқан, 78), Ллуллаку (Постников, 80), Кабананга.
Қосалқы құрам: Эрич, Шитов, Жақыпбаев, Наджарян, Сағынаев, Жүнісов.
«Ақтөбе»: Сидельников (к), Аслан (Кәкімов, 62), Дәуітов, Воловик, Гуйе, Барбоса, Торрес (Диас Морейро, 51), Юри Алмейда, Шестаков, Шурыгин (Витор, 46), Зенькович.
Қосалқы құрам: Отарбаев, Ермаченко, Айтбаев, Байтана, Қайыров, Тотай.
Төрешілер: Алиев, Шабанов (екеуі де – Алматы), Ходин (Атырау)
12 сәуір. Астана. «Тарлан-Арена» стадионы. 1 000 көрермен