Вернуться к списку статей

Трансфер тәмамдалуға тақағанда ауыс-түйіс көбейді

Футбол
1K
Фото
Футболдан Қазақстан чемпионатындағы трансфер кезеңі аяқталуға тақады. Ертең – соңғы күн. Кешелі бері біраз тынышталып қалған ауыс-түйіс қайта қыза түсті.

Тең-теңімен, тезек-қабымен...

Трансфер кезеңінің -соңғы күндері. Ойланып-толғанып жүргендер бір шешімге келулері керек. Саралап-таразылап отырғандар бірнеше вариантының (команданың, ойыншының) біреуін таңдауы қажет. Енді арқаны кеңге салып, жүре беруге болмайды.

Әрине, мұнда да әр клуб шама-шарқына, жағдайына қарап, әрекет етеді. Мысалы, бай клубтар өздеріне қажетті ойыншыны таңдап алып жатса, жағдайы жұпыны командалар талдап, «тазы болып шалуға» көшкен. Бұл ретте, негізінен өздерінің қазіргі жағдайларымен санасатын ойыншыларды іздестіріп, тауып алып жатқандар да бар.

Мәселен, «Қайрат» жақында ресейлік Андрей Аршавинмен келісім-шартқа отырған. Ал кеше Камерун шабуылшысы Гаэль Тавамбамен құрамын күшейткенін жариялады. Бірақ «Қазақстан футболының түлегі емес» футболшыларының саны сегізден асып кетті. Сондықтан ҚР Кәсіпқой футбол лигасына тіркелген тізімінен Испанияның жартылай қорғаушысы Сито Риераны шығарып тастады...

Ал «Ақжайық» болса, шетелдік шебер ойыншылар тұрмақ, өзіміздің тәжірибелі футболшылармен құрамын нығайта алмай жүр. Әйтсе де, амалын тауып, бірнеше футболшыны сапына қабылдады. Бұл ретте, команданың бас бапкері Талғат Байсуфинов өзін жақсы танитын әрі сенетін жігіттермен тіл табысып, қареқет жасап жатыр.

Атап айтқанда, Орал клубы әуелі «Ертіс» клубының қосалқы құрамында отырған Қуаныш Бегалинмен, содан соң өзіне лайық команда таппай жүрген Захар Коробовпен келісімге келді.

Дос болсаң берік бол, досыңа серік бол

Соңғы тәулікте ресми түрде тіркеліп және жарияланып жатқан ауыс-түйістердің ішінде Мұрат Тілешевтің «Ақтөбе» клубына үшінші рет келуі көпшілікті елең еткізді. Жарты айдан кейін 36-ға толатын шабуылшы бүгін тіпті ақтөбеліктер сапында жаттығу жұмысын да өткізді.

Отандық басылымдарда «Тілешевтің ”Ақтөбе” клубына қабылдануына Смақовтың да ықпалы болды» деген пікірлер де айтылды. Мұрат та Саматтың беделін өсіріп, оның атына жылы лебіздер білдірді.

Біз үшін бұл трансферлік мәміленің қалай басталғаны және жүзеге асқаны маңызды емес. Бізді тек футболшыларымыздың бір-бірін қолдап, көмектесіп жүретіндері қуантады.

Қай клубтар құрамдарын күшейтті?

Көктемгі трансферлік кезеңнің соңында біраз клубтарымыз құрамдарын нығайта түскендей. «Қайрат» шабуылының ұшын «ұштай» түссе, «Астана» жартылай қорғаушыларының қатарын толықтырды. «Ақтөбе» де алғы шебін ширатып жатыр.

«Оқжетпес» өз сапын Сербия саңлақтарымен нығайтуға бел буғандай. Соңғы жылдары Грекия мен Әзірбайжанда өнер көрсетіп, «Нефтчи» клубымен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған, 2008 жылы Сербия құрамасы сапында Олимпиада ойындарына қатысқан Саши Стаменковичті Көкше клубының сапынан көріп қалуымыз ғажап емес. Әрі оның отандасы Ристо Ристович «Оқжетпестің» орталық шебінде ойқастауы тиіс.

«Тобыл» жас футболшыларын сұрыптап, «Атырау» румын футболшысы Александру Куртеанмен жартылай қорғанысының қарқынын үдетуді ойластырды. «Ақжайық» қорғанысын да, шабуылын да күшейтуге тырысты.

Жалпы, соңғы күндердегі ауыс-түйістер мұнымен шектелмейді. Әлі де тың жаңалықтардың куәсі болуымыз да ықтимал. Сондықтан көктемгі трансфер кезеңі толық аяқталған соң, премьер-лига клубтары сапындағы өзгерістерге толықтай тоқталып өтеміз.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика