Вернуться к списку статей

Байсуфиновпен бәрі-бәрі жақсы болады

Футбол
2K
Талғат Байсуфинов
Қашанғы ұлттық құраманың тағдырын өзгелердің қолына ұстата бермекпіз? Одан гөрі билікті толығымен отандық бапкердің қолына беріп көрсек қалай болады?

Қазақстан ұлттық құрамасының уақытша бас бапкері Талғат Байсуфинов алғашқы сынағын жақсы тапсырып, Түркияда өткен жолдастық кездесуде Әзірбайжан құрамасын тізе бүктірді. Дегенмен, ертеңгі Грузиямен болатын матч Маруанұлы бастаған отандық мамандар үшін ұлттық құрама басындағы соңғы ойын болуы әбден мүмкін. Өйткені, Қазақстан футбол федерациясы бұларды бұл қызметке уақытша ғана, осы екі кездесуге бола шақырған. Олардың орнына шетелдік жаттықтырушылардың бірі келуі ғажап емес. Майлы орынға үміткерлер де жетерлік. Бірақ, қашанғы ұлттық құраманың тағдырын өзгелердің қолына ұстата бермекпіз? Одан гөрі билікті толығымен отандық бапкердің қолына беріп көрсек қалай болады? Бәрібір жоғалтар дәнеңе жоқ қой. Қайта Байсуфиновпен бәрі жақсы болатынының бес себебін тізіп көрмекпіз.

Бірінші себеп. Байсуфинов Қазақстан футболын жақсы біледі

Испания, Италия, Бразилия, Германия, Франция сынды әлем футболының державалары неге ұлттық құрамаларына шетелдік мамандарды тағайындауды құп көрмейді? Рас, «өзімізден асқан мықты жоқ» деген менмендіктері де бар. Дегенмен, одан бөлек, қанша мықты болғанымен өзге елдің мамандары біздің футболды түсінбейді деген түйсік қалыптасқаны да жасырын емес. Ал Қазақстан футболын, қазақ елінің менталитетін отандық жаттықтырушылардан артық ешкім білмес, сірә. Оның үстіне, осы елдің тарихын, түп-тамырын терең білетін отандық бапкерлер ойын алдында футболшылардың патриоттық сезімдерін оятып, рух бере алады.

Екінші себеп. Леонид Слуцкийдің ізімен

Өткен жылдың жазында Ресей футбол одағы Фабио Капеллоны алып тастап, оның орнына бас бапкердің міндетін атқарушы етіп өздерінің маманы Леонид Слуцкийді тағайындаған. Көмекшілерін де өз елдерінен іздеп тауып, тек физикалық дайындық жөніндегі жаттықтырушыны Испаниядан шақыртты. Ол кезде Ресей құрамасының халі мүшкіл болатын. «Еуро-2016» финалдық додасының жолдамасы сағымға айналып бара жатқан. Бірақ қатарынан төрт ойында жеңіске жеткен Слуцкий бастаған команда «Кәрі құрлықтың» біріншілігінің тікелей жолдамасын жеңіп алды. Ақырында Ресей футбол одағы Леонид Слуцкийден «міндетін атқарушы» деген жалғауды алып тастап, билікті біржола қолына берді. Қазір ол ЦСКА-ны да қатар сүйреп жүр.

Дәл қазір Қазақстан ұлттық құрамасында да осыған ұқсас жағдай орнаған. Талғат Байсуфиновтің де көмекшілері отандық мамандар. Бірінші ассистенті Нүркен Мазбаев, жаттықтырушы Андрей Ферапонтов және қақпашылар бапкері Юрий Новиков. Тек физикалық жаттықтырушы ғана жетпей тұр. Оны қайдан іздеу керек екенін емеурінсіз-ақ біліп отырған боларсыздар. Ал «Ақжайық» пен ұлттық құраманы қатар алып жүруге бас бапкердің шамасы жетеді деп ойлаймын.


Қазақстан ұлттық құрамасының уақытша бапкерлер алқасы 

Үшінші себеп. Байсуфинов команданы тұңиықтан алып шыға алады

Былтыр жазда Талғат Маруанұлы «Ақжайыққа» бас бапкер болып тағайындалғанда оралдық клубтың жағдайы мәз емес болатын. Алайда әр тур сайын ұпай қоржынын қомита берген Байсуфинов ақыры «Ақжайықты» Бірінші лигадан Премьер-лигаға бір-ақ алып шықты. Сол секілді бұл маман Қазақстан ұлттық құрамасын да ФИФА рейтингінің тұңғиығынан шығарып, ел футболын тым құрығанда әлемнің үздік жүздігіне көтеруі әбден мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, Әзірбайжанмен болған кездесуге дейін бас командамыз ФИФА рейтингінде 125-сатыда тұрған болатын.

Дегенмен, Байсуфинов тек «Ақжайықты» ғана емес, Павлодардың «Ертісін» де жаттықтырып, бір күміс, бір қола алып берген. Айтпағымыз, аутсайдерлермен ғана емес, әлеуетті командалармен де жұмыс жасай алады.

Төртінші себеп. Футболшылардың сенімі

Елімізге шетелден маман келген сайын футболшыларымыздың «бұл кім болды екен? Енді қалай болады?» деп алаңдайтыны жасырын емес. Ал отандық жаттықтырушыларды футболшылардың бәрі таниды. Жақсы болсын жаман болсын, мінездері келіспесін, әйтеуір ұлттық құрамаға бәріне дайын болып барады. Талғат Байсуфинов бастаған қазіргі бапкерлер алқасын  қазақстандық футболшылар жақсы біледі. «Бәрібір сол нәтиже болып жатса, сырттан басқа біреуді шақырудың қажеті не?» дейді ұлттық құрамамыздың жартылай қорғаушысы Серікжан Мужиков. Оның сөзін басқа ойыншыларымыз да қолдайды. Мәселен, Әзірбайжанмен болған ойыннан кейін өз пікірін білдірген Мақсат Байжанов «отандық мамандар ел футболының ішкі жайын толық біледі. Оларға жұмыс істеу оңайырақ» деп қысқа қайырды.

Бесінші себеп. Бәрібір, бұдан жаман болмайды

УЕФА-ға кіргелі бері Қазақстан ұлттық құрамасы үш рет Еуропа чемпионатының іріктеу додасына қатысса, үш рет әлем біріншілігінің іріктеу турнирінде бақ сынапты. Бірақ өз тобымызда не соңғы орында, не соңғының алдында ғана болдық. Одан жоғарыға көтерілген емеспіз. ФИФА рейтингінде де жыл санап төмен құлдилап келеміз. Ойынымыз да осы уақыттың ішінде құлпырып кетпеді. Яғни, енді жоғалтар ештеңе жоқ. Онсыз да Андорра, Макао, Сомалилердің қасында тақалып тұрмыз. Бәлкім, өз бапкерімізбен алға басармыз. Тәуекелге бел буып, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін толығымен Талғат Маруанұлына тапсырып көрелік. Шетелдік маман көрсеткен нәтижеге қазақстандық жаттықтырушылар да қол жеткізе алатынына сонда көз жеткізерміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика