Қазақстан мен Босния және Герцеговина жастар құрамаларының кездесуінен кейін журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген қонақтардың аға бапкері Дарко Нестерович бүгінгі ойында Қазақстан жастарының шаршаңқы көрінгенін айтты.
– Ең алдымен жылы шыраймен қарсы алғандарыңызға рахмет! Матч туралы айтар болсам, Қазақстан жастары мықты команда. Бірінші таймда қақпамызға бірнеше күшті соққылар жасап, өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Екінші таймда допқа біздің команда көбірек иелік етіп, қақпаға бірнеше соққы жасаған едік, алайда ешбірін голға айналдыра алмадық. Жалпы жақсы ойын болды. Қазақстан жастары құрамасына алдағы уақытта сәттілік тілеймін!
– Босния жастары негізінен қорғанысқа көңіл бөліп, көбінесе қарымта шабуылдарға иек артты. Бұл сіздің тапсырмаңыз ба еді?
– Осылай ойнауға мәжбүр болдық. Өйткені, бүгін кейбір креативті футболшыларымыз матчқа қатысқан жоқ. Солардың жоқтығы қатты білініп тұрды. Оның үстіне, өз алаңымыз емес, бізге бәрі таңсық. Қарымта шабуылға иек арту – сырт алаңда доп тепкен барлық командаларға тән ғой. Дегенмен, көшбасшы ойыншыларымыздың орнына шыққан жастарымыз да лайықты ойын көрсетті.
– Ойынның нәтижесіне көңіліңіз толды ма, әлде жеңуге болар еді деп ойлайсыз ба?
– Жаман нәтиже емес. Алайда, футболшыларымыздың екінші таймдағы қарқынымен жеңіске жетуімізге де болар еді. Сондықтан, көңілде аздап кірбің бар.
– Сіздің шәкірттеріңіз дөрекі ойнап, алаңда арандатушылық тудыртқандай көрінді бізге...
– Меніңше, орынсыз сұрақ қойып отырсыздар. Сіздер секілді мен де ойынды бақыладым. Бәрі ойын шеңберінде болды. Сондықтан, сіздің пікіріңізбен келіспеймін.
– Сараевода өткен бірінші кездесуден кейін Қазақстан жастарының сапынан Максим Фединді мақтап едіңіз. Бүгінгі ойында қай футболшылар ұнады?
– Менің сіздерге қарсы сұрағым бар. Неге командаларыңыз бүгінгі матчқа физикалық тұрғыда дайын болмай шықты? Максим Федин – өте жақсы, дарынды футболшы. Бірақ басқалар секілді ол да бүгін шаршаңқы көрінді.
– Егер сізге Қазақстан Премьер-лигасының клубтарынан ұсыныс түссе, қабылдайсыз ба? Жалпы Қазақстан чемпионаты жайлы не білесіз?
– Қазақстан жастар құрамасы Сараевода болған матчта тамаша ойын көрсеткен. Содан бері бұл елдің футболшыларын жақсы білемін. Одан бөлек Қазақстан чемпионатында достарым аз емес. Мәселен, Қарағандының «Шахтер» командасында жаттықтырушылық ететін Марко Девич менің досым. Егер ұсыныс түсіп жатса, неге байқап көрмеске?! Бірақ мен Босния және Герцеговина жастар құрамасымен келісімшартым бар. Әзірге осы құрамада қаламын.