Неліктен клубтарымыз көктемгі ойындарын негізгі стадиондарында емес, қосалқы алаңдарында өткізуге мәжбүр? Аймақтардағы уәде етілген футбол манеждері қайда? Қашан Қазақстан стадиондары УЕФА-ның барлық стандарттарына сай болады? Әлде, «Астана-Арена» мен Алматының Орталық стадионына телміріп жүре береміз бе?
Көктем сайын қосалқы алаңды паналаймыз
Биыл ел чемпионатының бірінші турында алты ойынның тең жартысы, екінші турда бес кездесудің үшеуі алаң иелерінің негізгі стадиондарында емес, қосалқы алаңдарында өтті.
Мәселен, 1-турда «Жетісу» «Атырауды» резервті стадионында, «Тараз» «Ақтөбені» «Ұланда», ал «Тобыл» «Ақжайықты» «Затобольскіде» қабылдаса, екінші турда «Ақжайық» Павлодардың «Ертісіне» қарсы ойынын қосалқы алаңында өткізген. «Оқжетпес» тіптен «Астана-Аренаны» жалға алуға мәжбүр болса, «Шахтер» Талдықорғанның «Жетісуын» Қарағандыда емес, Теміртауда қабылдаған.
Бұл таңғалатын жағдай емес, күлмей-ақ та қойыңыз. Жылда көктем мезгілінде қайталанатын құбылыс. Қайта биыл «Тараз» Орталық стадионға ерте кірді ғой. Әйтпесе, жанкүйерлеріне нағыз футболды екі-үш тур өткен соң ғана сездіруші еді.
Ал басқалары негізгі стадиондарына сәуір айында ғана ауысады. «Ақтөбе» мен «Атырау» мамырда, «Тобыл» мен «Оқжетпес» жазда бір-ақ өз стадиондарына жайғасады. Бірінші лигадағы «Алтай», «Қайсарлардың» да жағдайлары осындай. Чемпионатты Орталық стадиондарында бастайтындары төрт-ақ клуб. Олар: «Астана», «Қайрат», «Ертіс» және «Ордабасы».
Әлбетте, клубтарды да түсінеміз. Олар Орталық стадиондарындағы жасыл желектерінің ерте тапталмауларын, шөптерді өлтіріп алмауларының қамын қарастырады. Мамырға дейін өсіреді, күтеді, баптайды, сосын ғана шөп тамырын жайған соң доп тебе бастайды. Сондықтан, Орталық стадиондары дайын болғанша қосалқы алаңдарын «паналай» тұруға мәжбүр.
Бір жағынан дұрыс. Бірақ ондай болатын болса, резервтегі алаңын да ретке келтіруі қажет қой. Алаңды ғана емес, көрермендердің де жайлы болуын, футболшылардың да жарақат алмауын ойлаулары қажет емес пе? Әйтпесе, жылда көктемде жасанды алаңда доп тепкен футболшыларымыз 2-3 тур өтпей қатардан шығып жатады да, маусым ортасында командалардың құрамдары селдіреп жатады. Сосын жаттықтырушылардың «анау шабуылшым жарақат алып қалды, мына қорғаушым әлі жазылған жоқ» деп шағымданып жүргені.
Ал жанкүйерлер ше? Негізі футболға көрерменнің ең көп баратын кезі маусымның басы мен соңы. Дегенмен, чемпионатты қосалқы стадиондарында бастаған командалар өз алаңындағы ойындарына ары кетсе 3 мыңға жетер-жетпес көрермен қабылдай алады. Кейбір резервті стадиондардың сиымдылығы тіптен 2 мыңға да жетпейді. Сондықтан, стадионға келген кейбір көрермен ішке кіре алмай, кері кетуге мәжбүр болса, нағыз фанаттар Тараз, Талдықорған, Ақтөбе немесе Қызылорда қалаларындағыдай ойынды шарбақтың сыртынан немесе стадионды жағалай өскен теректерге шығып тамашалауға мәжбүр.
Яғни, «арбаны да сындырып алмайтындай, өгізді де өлтіріп қоймайтындай», алаңды қалай күтсек, футболшылар мен көрермендерге де солай жағдай жасауымыз керек.
Уәде етілген манеждер қайда?
«2013 жылдан бастап Қазақстан футболы «Күз-көктем» жүйесіне өтеді. Осыған байланысты еліміздің барлық облыс орталықтарында 3 000 орындыққа арналған жабық кешенді манеждер салынады», - деп 2012 жылы халық үдере шулады. Қыстағы футболды қаламаса да, көпшілігі манеж туралы жаңалықты қуана қабылдады.
Қазақстан футбол федерациясының талабы бойынша, манеждың шатыры қатты, су өтпейтін, жасанды желегі жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген, сиымдылығы кемінде 3 000 орындық, іші +15° +17° градусты көрсетіп тұратындай болуы тиіс еді. Мамандар мұндай манежді 6-7 айдың ішінде салып тастауға болады деп айтып жатты.
Мұнда Премьер-лига клубынан бөлек, Бірінші лига командасы, қосалқы командалар, даярлық тобының футболшылары жыл 12 ай бойы жаттыға алатын еді.
Бірақ, уақыт өте берді, ал манеждер сол күйі салынған жоқ. Ақыры болмаған соң «манеждері жоқ клубтар Премьер-лигаға жіберілмейді» деп қорқытты. Пысқырған ешкім болмады. Ал Федерация басшылары ауысқаннан кейін бұл мәселе сол күйі жабулы күйінде қалып қойды. Қазір «Күз-көктем жүйесі» жайлы айтылмайды да, ешкім есіне де алмайды.
Дегенмен, обалы не керек, Қазақстан футбол федерациясының қазіргі басшысы Ерлан Қожағапанов манеждердің қажеттілігі жайлы айтып-ақ жүр. Алайда, ешкім естімейді ме, әлде сөзін өткізе алмай ма, оны тыңдайтын ешкім жоқ. Бәлкім, талапты дұрыстап қоя білу қажет шығар. Қазір ешкім жаса деген нәрсеңді ерікті түрде жасай салмайды. Ол үшін «Премьер-лига клубтарының барлығы манеждермен қамтамасыз етілуі тиіс. Ондай болмаған жағдайда клуб чемпионатқа жіберілмейді» деген секілді талапты қоя білу қажет-ау.
Ал жалпы, бүгінде еліміздің әр облысында манеж салу жоспары бұрыннан бар. Тіпті, кейбір қалаларда осы тектес стадиондардың жобасы да сызылып, макеттік үлгісі де жасалып қойған. Орналасатын жері де белгілі. Тек аймақ басшыларының бұл мәселеге әлі де байыппен қарамай отырғаны өкінішті.
Екі стадионымызға қашанғы телміріп жүре бермекпіз?
Қазақстанда УЕФА мен ФИФА талаптарына толық жауап бере алатын екі-ақ стадион бар. Бірі «Астана-Арена» болса, екіншісі Алматының Орталық стадионы. Оның өзінде сырттан келген қонақтар алаңның сапасына шағымданып, сынап кетіп жатады.
Рас, халықаралық ойындарды қабылдауға басқа да бірқатар қалаларымыздың шамасы жетеді. Бірақ, Чемпиондар немесе Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінің ойындарын ғана. Ал одан кейін Қарағандының «Шахтері» секілді «Астана-Аренаны» немесе «Ордабасы» сияқты Алматының Орталық стадионын паналауға мәжбүр болады.
«Ордабасы» демекші, Шымкенттің Қажымұқан атындағы стадионы биыл еурододаны қаншалықты дәрежеде қабылдай алар екен? Олай дейтініміз, былтыр клуб басшылығы Израильдің «Бейтарына» қарсы матчты аптаған ыстықта өткізуді ұйғарып, өздерін де, футболшыларды да, жанкүйерлерді де қинаған еді. Ақырында іш пыстырарлық ойында израильдіктер өздеріне қажетті есепке қол жеткізген болатын. Кейін білдік, Қажымұқан стадионының мачтасы істемейді екен. Ойынды күн батпай тұрып өткізіп алуды ұйғарғандары сондықтан екен.
Биыл Еуропа лигасының іріктеу ойындарын қабылдайтын Ақтөбенің Қобыланды батыр стадионында былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін білеміз. Бірақ, қосалқы құрам отыратын орындықты жермен бірдей етіп жасап, елдің алдында күлкі болғаны бар еді.
Иә, бір сөзбен айтқанда инфрақұрылымды қолға алмай, футболды дамыта алмайтынымыз анық. Сөзден іске көшетін кез келді. Ал манеж салуды аймақ басшылары бас болып қолға алса ғана, іс алға басады.