Вернуться к списку статей

Айдан хабар алуға болатын заманда "Тобылдың" Атыраудағы ауа-райын апта бұрын біле алмағандары қалай?

Футбол
2K
Атырау - Тобыл
«Тобыл» басшыларына аталмыш сапар жайлы ертерек қамдануға болар еді ғой. «Алдын ала алмадық» деген не сұмдық? Тас ғасырында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Айдан хабар алуға болатын заманда Атыраудағы ауа-райын тым болмағанда апта бұрын білуге болады емес пе?

«Атырау» – «Тобыл» кездесуінің өз уақытында өтпей қалуын қостанайлықтар ауа-райының қолайсыздығынан көріп отыр. Ал алаң қожайындары «Тобылды» кінәлауда. Енді бұл мәселеге Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының өзі араласып, Тәртіптік бақылау комитетінің өзі қолға алмаса болмайды.

Кеше стадионға жиналған 1 500 көрермен Премьер-лиганың 2-туры аясындағы «Атырау» – «Тобыл» кездесуін емес, алаң иелерінің екіге бөлініп ойнағанын тамашалауға мәжбүр болды. Өйткені, «мұнайшылармен» ойнауы тиіс болған Дмитрий Огай командасы сол күйі Атырауға келген жоқ. Турасын айтқанда «Тобыл» футболшылары мінген ұшақ Батыс Қазақстанға жетпепті. Қостанайлық клубтың ресми сайты мәлімдеген ақпаратқа сүйенсек, ұшақтың әуеге көтерілуіне бірінші күні Атыраудағы ауа-райы қолайсыздық туғызған. Ал келесі күні ұшақтың ұшуына Қостанайдың әуежайы рұқсат бермеген. Артынша Қазақстанның Кәсіпқой футбол лигасы «Атырау» – «Тобыл» кездесуінің форс-мажорлық жағдайға байланысты кейінге шегерілгені туралы ақпаратты жариялады.

Иә, бұл стадионға ағылған жанкүйерлерді сең соққандай күйге түсіргені жасырын емес. Осы маусымның өз алаңындағы алғашқы кездесуі болғандықтан ойынды көруге көрермен де көп келді. Небәрі 500 адам сиятын «Судоремонтникке» үш есе көп көрерменнің жиналуы соның айғағы болса керек. Көпшілігі аталмын матчтың өтпейтінін стадионға келгенде бір-ақ білді. Қайта «Атырау» жарады. Тез арада тығырықтан шығатын жол іздеп, жанкүйерлерін ренжіткен жоқ. Бас бапкер Владимир Никитенко футболшыларын екіге бөліп тастап, біріне жасыл форма, екіншілеріне ақ жейде кигізіп, өзара ойын өткізді. Ал бас төрешінің міндетін клубтың спорт директоры Қайрат Сламбеков атқарды.


Атырау - Атырау 3:3

Сонымен, бастапқы мәселеге қайта оралайық. «Атыраулықтар» тыншыған жоқ. Бас бапкері Владимир Никитенко «Тобылдың» бұл әрекетін «қарсыласын құрметтемеушілікке» балап, «қостанайлықтар бұл жағдайдың алдын алуы керек еді» деді.

– Мұндай нәрсе болмауы қажет. Біз бұл кездесуге дайындалдық. Осы маусымдағы өз алаңымыздағы алғашқы ойынымыз еді. Сондықтан, көрерменге арналған мерекелік бағдарламамызды қоямыз деп жоспарлағанбыз. Оның үстіне, бізде тамаша ауа-райы орнап тұрды. Егер Атырауға ұшып келуге шынымен де ауа-райы кедергі келтірген болса, онда «Тобыл» мұны алдын-ала ескеруі керек еді. Маршрутты дұрыс таңдауы қажет болатын. Бұл мәселенің анық-қанығын комиссия анықтайды деп үміттенемін, - деп ағынан жарылды Владимир Андреевич.

Обалы не керек, «Тобыл» да барынша ақталды. Тіпті, ресми сайты арқылы олардың «Атырауға» 18 наурыз күні ұшуы тиіс болғанын да білдік. Сол күні-ақ, олар Атыраудағы ауа-райының қолайсыздығынан ұша алмағын, мұнайшылар қаласына ертесі күні таңертең ұшатынын жазды. Ертеңінде клубтық сайтта тағы бір ақпарат жарық көріп, онда Қостанайдың әуежайы «Тобыл» мінген ұшақты көкке жіберместен, кері қайтарғаны туралы жазды. Тіпті, дәлел ретінде әуежайдағы суретті түсіріп те алған. Одан кейін отандық электрондық спорттық басылымдардың біріне клуб директоры Талғат Баймұратов неліктен Атырауға ұша алмағандарын толығырақ түсіндіріп берді.

– Ойыннан бір күн бұрын ұшуымыз керек болған. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына байланысты Атыраудың әуежайы бізді қабылдамады. Ол жақта боран соғып, қар борап тұрыпты. Ал ойын болатын күні дәл сондай ауа-райы Қостанайда орнағандықтан әуежай бізге ұшуға рұқсат бермеді. Сосын ҚКФЛ-ды құлақтандырып, Атырауға бара алмайтынымызды ескертіп айттық. Матчты ойыннан кейінгі күні де өткізуге болар еді, бірақ бірқатар футболшыларымыз ұлттық құрамаларының ойындарына байланысты елдеріне кетіп қалды, - деп ақталды Талғат Әкімжанұлы. 

Иә, Баймұратов мырза жалған сөйлеп отырған жоқ. Шынымен де 18 наурыз күні Атырауда қатты жел соғып тұрды. Расымен де наурыздың 19-ы күні Қостанайда боран соғып, қар борап тұрды.


Енді бұл матчтың қашан өтетіні белгісіз 

Алайда, «Тобыл» басшыларына аталмыш сапар жайлы ертерек қамдануға болар еді ғой. «Алдын ала алмадық» деген не сұмдық? Тас ғасырында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Айдан хабар алуға болатын заманда Атыраудағы ауа-райын тым болмағанда апта бұрын білуге болады емес пе?

Әлбетте, бапкерлер алқасының, футболшылардың еш қатысы жоқ. Бұл «Тобыл» басшыларының жай ғана салғырттығы болса керек. Әйтпесе, Атыраудағы ауа-райын бір күн бұрын емес, бірнеше күн бұрын біліп, қажетті қалаға жету үшін чартерлік рейстен бөлек, басқа да мүмкіндіктерді қарастыруға болар еді.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысында да бұл күні далаға шығу мүмкін емес еді. Ол жақта да қар борап, жел ұйытқып тұрған. Бірақ, Павлодардың «Ертісі» ешкімге назданбай-ақ Оралға жетті емес пе?! Барды да, алаң иелері «Ақжайықты» 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

Сондықтан, кінәні табиғаттың тылсым күшіне арта бермей, ойынның жайын ерте қамданған абзал болар. Ал Кәсіпқой футбол лигасы мен Тәртіптік-бақылау комитетіне бұл жайды жылы жауып қоя салмай, анық-қанығына толық жетіп, кінәліні анықтау қажет. Өз басым, бар мәселе ауа-райына тіреліп тұр дегенге сене алмаймын.

Автор: Мэлс Байқадамов
Яндекс.Метрика