Вернуться к списку статей

Бородюкке керегі – Аршавин мен басшылардың шешімі

Футбол
1K
Фото pflk.kz сайтынан
2016 жылғы Қазақстан суперкубогы қарсаңында «Қайрат» клубының бас бапкері Александр Бородюк те БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз жиынына келіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бородюк өз сөзін «Астана» мен «Қайрат» арасындағы осындай ойындардың маңызы зор екендігімен бастады. Мұндай матчтардың футболшылар үшін ғана емес, жанкүйерлер үшін де пайдасы зор екендігін түртіп өтті.

Өзінің қазақ топырағындағы тырнақалды ресми ойыны алдында футболшылары үшін алаңдаулы екендігін де жасырмады. Ең бастысы, қарамағындағы жігіттердің өз істеріне немқұрайлы, салғырт қарамай, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, аянбай ойнағандарын қалайтындығын білдірді.

Әр футболшының өзі міндетіне жауапкершілікпен қарайтындығын бағалайтындығын һәм соны талап ететіндігін де сездірді. Ал жасыл алаңда қандай тактика қолданатындығын жайып салмайтындығын бірден айты. Негізгі ұстанымы, әрқашан қарсыласынан бір гол артық соғып, жеңіске жету екендігін жымиып отырып жеткізді.

Футболшылардың аянбай тер төгіп, айылдарын тартпай ойнап, жанкүйерлерді тәнті ететін ойын өрнегін көрсеткенін ұнататындығын да меңзеп, мысалдар келтірді.

Журналистер Бородюк «Қайратқа» келгенше, Алматы клубы сапынан кетіп қалған қайсыбір футболшыларды атап, «өкінбейсіз бе» деген сауал тастады. Бородюк болса, қазіргі қарамағындағы футболшыларға көңілі толатындығын, әйтсе де, «қайсыбір шептерге жаңа ойыншылар алсақ» деген үміті бар екендігін де бүкпесіз жайып салды.

Әрине, Аршавин жайлы айтылмай қалған жоқ. Бородюк бұл сұраққа «Мен басшылардың шешімін күтіп жүрмін. Егер олар келіссе, мұндай ойыншы Қазақстан чемпионатының «сәнін» келтіріп, көптеген қазақстандық жеткіншектерге үлгі болар еді», деп өз ойын ақтарды.

«Питердің тағы да қай ардагерін шақырғыңыз келеді» деген қитұрқылау сұрақтан «легионердің деңгейі жергілікті футболшыдан әлдеқайда жоғары болуы керек, шеберлігі осындағы футболшылармен шамалас ойыншыларды шақырудың қисыны жоқ», деп «құтылды».

Содан соң «Алматы клубының сапына алынып, құрамын күшейтуі ықтимал» деп айтылып жүрген футболшылар туралы сұрақтар да қойылды. Бородюк болса, журналистердің білетін мағұлматтарының көп екендігін тілге тиек етумен қатар, БАҚ өкілдерін мақтап та қойды. Бірақ өзінің ұзынқұлақтағы дақпырт пен футбол әлеміндегі сыбыстан гөрі қол қойылған келісімшарттар жайлы ғана ақпарат беруге тырысатындығын шегелеп айтты.

Жалпы, Ресей маманының журналистермен тілдесуге әбден көсіліп алғандығы байқалады. Қандай күрмеуге келмейтін сұрақ қойылса да, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» сытылып кетуге бейімделіп алғандай...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика