Вернуться к списку статей

“Қайсар” құрамын сұрыптауға құлшына кірісті

Футбол
2K
«Қайсар» футбол клубы маусым аяқталысымен құрамын екшеуге белсене кірісті. Әуелі бас бапкерінен бастады...

Өздеріңіз білесіздер, «Қайсар» қараша айының аяғында болгар маманы Стойчо Младеновпен «1+1» жүйесі бойынша келісімшартқа отырды. Яғни 2017 жылы команда көңілге қонымды нәтиже көрсетсе, еңбек келісім тағы бір жылға созылады.

Ал желтоқсанның ортасына қарай, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Мақсат Байжановпен екі жылға келісімшартқа отырды. Сонымен қатар, 2016 жылы команданың намысын абыроймен қорғаған Думан Нарзілдаев, Олжас Алтаев, Олжас Керімжанов және қақпашы Марсель Исламқұловпен арадағы еңбек келісімдері ұзартылды.

Ал желтоқсан айында қақпашы Антон Циринмен («Ертіс») және қорғаушы Валентин Чуреевпен келісімшартқа отырғандығы тек клубтың әлеуметтік желідегі жеке парақшасында ғана жарияланды. Яғни ресми түрдегі мәлімдеме әлі жоқ.

Осыдан бірер күн бұрын Қызылорда клубы түріктің Анталия қаласында бірінші оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Онда Дәуренбек Тәжімбетов, Евгений Горячий, Ілияс Әмірсейітов, Нұржарық Күнов, Сергей Кейлер, Әлібек Аяғанов, Марат Шахметов, Сабырхан Ибраев, Вадим Боровский және т.б. көптеген футболшылар сынақтан өтті.

Алайда басым көпшілігі команда сапында қалмайтын болды. Жалпы, «Қайсардың» бірінші оқу-жаттығу жұмысы барысында «сынақтан өтпей, үйлеріне қайтатын» футболшылар жайлы ақпарат көп тарады. Әйтсе де, алдағы уақыттарда Стефан Николич (Crna Gora), Владимир Аржанов (Украина) және Матиас Курьор (Мартиника) сынды футболшылардың «Қайсардың» жейдесін киюлері де мүмкін сияқты.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика