Вернуться к списку статей

Қазақстан премьер-лигасы – Жастар хаттамадан да тыс қалды

Футбол
2K
Енді жастар негізгі құраммен бірге жаттығу жұмысына қатысқандарына мәз болатын болды. Фото: fca.kz
Еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиналысында жасы 21-ге толмаған жас футболшыларға ешқандай жеңілдік жасалмады. Тіпті оларды «міндетті түрде хаттамаға қосу керек» деген талап алынып тасталды...

Естеріңізде болар, 2016 жылғы Қазақстан чемпионатында премьер-лигадағы әрбір клуб әр ойынның хаттамасына кем дегенде екі жас футболшы тіркеуге міндетті болатын. Әрі екеуі де Қазақстан футболының түлегі болуы керек болатын.

Енді бұл талап құрдымға кеткен, күші жойылған. 2017 жылғы ел чемпионатында премьер-лигадағы клубтарымыз әр ойынның хаттамасына жас футболшыларды тіркеуге міндетті емес. Енді жастарға ешқандай жеңілдік жасалмайды.

Ал осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан футбол федерациясы «премьер-лигадағы (бұған дейінгі суперлигадағы) әр команда сапында міндетті түрде 21-ден аспаған екі жас футболшы ойнауы керек, әрі оның біреуі қазақ болуы шарт» деген қатаң талап қойған-ды.

Енді осы қатаң талаптан жұқана да қалмады. Жыл сайын жұмсара-жұмсара, биылғы жылдың соңында тамырына балта шабылды. Премьер-лигадағы клубтарымыздың басым көпшілігінің бас бапкерлері – шетелдік мамандар. Олар біздің жас футболшыларымызға қолдау көрсете қояр ма екен?

Қалай десек те, тезірек көңілге қонымды нәтиже көрсетіп, алға қойған мақсатына жетуге талпынған бас бапкерлер жас футболшыларымызды демеп-жебеп отырады дегенге сену қиын. 

Енді ұлттық құрама мен жастар құрмасын күшейту үшін қайтадан шетелдік (негізінен, ресейлік) футболшыларға Қазақстан азаматтығын алып беру үрдісі белең ала бастаса, таң қалмаймыз...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика